Өңір басшысы ауыл халқымен кездесіп, оларға мемлекет тарапынан көмек көрсетілетінін айтты.
«Баршаңызды сабырға шақырамын. Табиғи апат салдарынан облыстың бірнеше ауданы зардап шегіп жатыр. Сіздерге келген шығын бойынша арнайы комиссия құрылады. Келтірілген залалдың бәрі есептеледі. Мемлекет тарапынан тиісті көмек беріледі. Қазір сіздерді төтенше жағдайлар қызметінің мамандарымен бірге су тасқынынан құтқаруға келдік. Тікұшақпен баршаңызды аудан орталығы Қаратөбеге, қауіпсіз жерге жеткіземіз», - деді облыс әкімі.
Қорғаныс министрлігінің мамандары, Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары 400-ге жуық ауыл тұрғынын тікұшақпен аудан орталығына жеткізу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Бірінші кезекте балалар мен әйелдер, денсаулығы нашар және мүгедектігі бар жандар жеткізілді.
Атап өтерлігі, Батыс Қазақстан облысындағы су тасқынының алдын алуға көрші облыстардан мамандар мен күш құралдары жұмылдырылды.