ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданында полицейлер күдіктілерді ұрланған жылқыны сойып жатқан сәтінде қолға түсірді.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, күдіктілер аудан тұрғынына тиесілі 11 жылқыны еркін жайылымда жүрген жерінен айдап кеткен.
Жедел іс-шаралар барысында олардың бірінің тұрғылықты мекенжайындағы қорасынан 7 бас жылқы табылды.
Ұсталған сәтте төрт жылқы сойылып үлгерген. Шығын сомасы 4 млн теңгеден асады.
- Тәркіленген ет пен қалған жылқылар заңды иесіне қайтарылды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жүргізіліп, күдіктілердің облыс аумағындағы өзге де осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталу үстінде, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда қабан аулаған браконьер ұсталғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).