Батыс Қазақстанда 122 мың гектар жердің пайдаланылмай жатқаны анықталды

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында пайдаланылмай жатқан 122,1 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мемлекетке қайтарылды.

БҚО жер қатынастары басқармасының басшысы Нұржан Мақсотовтың Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, облыс бойынша 120 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару туралы 2025 жылға арналған жоспар бекітілген болатын. Меже 102 пайызға орындалды. 

Нұржан Ерболатұлының сөзіне қарағанда, биылғы он бір айда жергілікті атқарушы органдармен жалпы көлемі 53,8 мың гектар 144 жер телімі бойынша 19 конкурс өткізілді. Соның нәтижесінде 45,7 мың гектар 122 жер телімі жаңа иелеріне табысталды.
Тағы бір маңызды мәселе — жайылымдық жерлердің тапшылығы.

— Биылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша жеке қосалқы шаруашылықтардағы мал басының саны негізінде 25 мың гектар жайылымдық жердің жетіспейтіні байқалды. Облыс бойынша жалпы көлемі 472 895 гектар жайылымдық және шабындық жер телімдері резервке қойылды. 6 492 га жер мәжбүрлеп иеліктен шығарылды. 4 536 гектар жер ауылдық округ әкімінің аппараттарына тұрақты түрде пайдалануға берілді. 135 247 га жайылым жер телімдері жер-шаруашылық жобасы негізінде елді мекен жерлері санатына ауыстырылды, — деді Н.Мақсотов.

Оның айтуынша, атқарылған жұмыстар нәтижесінде елді мекендер қосымша 619 190 га жайылымдық және шабындық алқаптарымен қамтамасыз етілді.

Жергілікті атқарушы органдар тарапынан жайылымдармен қамтамасыз ету жұмыстары (резервке қою, елді мекен жерлер санатына ауыстыру) қажеттілігіне қарай жүргізілетін болады. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 74 мың гектар жердің мемлекетке қайтарылғанын жазған едік.