ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданында 13 жедел жәрдем көлігі құжатсыз жүрген.
Жәнібек ауданының прокуратурасы аудандық ауруханада заңдылықтың жай-күйіне талдау жүргізген кезде 10 көліктің жарамдылық мерзімі өтіп кеткен техникалық тексеру туралы сертификаттармен, тағы үшеуінің міндетті сақтандыру полисінсіз жүргені анықталды.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, аталған жағдай медицина қызметкерлерінің, науқастардың және тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірді.
«Аталған фактілер бойынша аудандық прокуратура кінәлі тұлғаларды ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 590-бабы 8-бөлігіне және 230-бабы 2-бөлігіне сәйкес сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартты. Күні бүгін заң бұзушылықтар жойылып, айыппұл толығымен өтелді», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 145 млн теңге субсидияның заңсыз берілгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).