Батыс Қазақстанда 16 мыңға жуық адам ЖРВИ-мен сырқаттанды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмаумен сырқаттанушылыққа байланысты жаңа 2025-2026 жылғы эпидемиологиялық маусым биылғы 1 қазаннан басталды.
БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың мәлім еткеніндей, содан бері бір айдан астам уақыт ішінде 15 973 адамның ЖРВИ-мен ауырғаны тіркелді. Соның 8 245-і – 14 жасқа дейінгі балалар.
Оның сөзіне қарағанда, сонымен қатар Орал қаласында бір адамның тұмауға (А/(H3N2) типті вирусы) шалдыққаны анықталды.
- Эпидемиологиялық және зертханалық мәліметтерді ескере отырып, 2025-2026 жылғы эпидемиялық маусымға орай Ресей Федерациясында өндірілген тұмауға қарсы «Гриппол+» вакцинасының 60 мың дозасы сатып алынып, толығымен жасалды. Тұмауға қарсы егу амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін барлық медициналық мекемеде 25 қыркүйектен басталған болатын. Алдымен тәуекел тобына жататын адамдар екпе алды. Биыл тұмауға қарсы ақылы түрде вакцинация жүргізілген жоқ, - деді Н.Мұстаев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 49 мыңға жуық адамның тұмауға қарсы екпе алғанын жазған едік.
Сондай-ақ дәрігер балаларды вакцинациядан дер кезінде өткізудің маңызы зор екендігін айтты.