ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысының бірнеше ауылында 16 жаңа көшеге атау беру жоспарланды.
БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасынан мәлім еткеніндей, Ақжайық ауданы орталығы Чапаев ауылында 11 жаңа көшеге атау берілмекші.
Сонымен қатар Қаратөбе ауданы Аққозы ауылдық округі Қоржын ауылында 3, Тасқала ауданы орталығы Тасқала ауылында 2 жаңа көшеге атау беру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұлардың бәрі де – атауы жоқ жаңа көшелер.
2024 және 2025 жылдары облыста көше атаулары өзгертілген жоқ. Оған дейін 2022-2023 жылдары 171 көшеге жаңа атау берілген еді.
Орал қаласы әкімдігінен алынған мәліметке қарағанда, өткен жылы ономастика жөніндегі жұмыс тобы отырыстарында Жеңістің 80 жылдығына орай отыз шақты көшеге қатысты мәселе талқыланып, ұсыныстар жасалды. Дегенмен олардың атауын өзгерту туралы шешім қабылданған жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда Новопавловка ауылы Құмақсай деп қайта аталғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).