Батыс Қазақстанда 2 автокөлік соқтығысып, 4 адам көз жұмды
Батыс Қазақстан облысында 4 адам жол апатынан көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 22 қыркүйек күні Бәйтерек ауданы аумағында болған.
«Сағат 12.00-де Орал-Кирсанов тас жолы бойында «ВАЗ-2112» және «Лада Гранта» автокөліктері бетпе-бет соқтығысты. Салдарынан қос автокөлік жүргізушісі мен «Лада Грантада» отырған 2 жолаушы алған жарақатынан оқиға орнында мерт болды. Сондай-ақ «Лада Гранта» көлігінің тағы бір жолаушысы ауруханаға жатқызылды. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігіне (көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады ведомстводан.