БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз маманы Кенжегүл Мұхитованың мәлім еткеніндей, аурушаңдылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 28,3-тен келіп, өткен жылғы осы кезеңдегіден 4,1 пайызға төмендеді.
Оның сөзіне қарағанда, туберкулезбен ауырғандар барлық ауданда тіркелді.
- Жыл басынан бері 7 баланың (3,9 пайыз) аталмыш кеселге шалдыққаны анықталды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, бір деңгейде қалып отыр. Туберкулездің алдын алу үшін нәрестені перзентханада алғашқы төрт күн аралығында БЦЖ вакцинасымен міндетті түрде вакцинациялау қажет. Сондай-ақ жылына бір рет флюрографикалық тексеруден өтіп, салауатты өмір салтын ұстану маңызды, - дейді К.Мұхитова.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, өткен жылы 10 айда 9 науқас туберкулезден көз жұмса, биыл сол мерзімде 8 адам қайтыс болды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да ауыз су сапасын тексерген кезде 160-қа жуық сынама талапқа сай болмай шыққанын жазған едік.