Батыс Қазақстанда 3 400-ден астам адам желшешекпен ауырған
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында бірқатар жұқпалы аурумен сырқаттанушылықтың өскені байқалады.
БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, биылғы он айда екі адам эпидемиологиялық паротитке шалдыққан. Өткен жылы осы мерзімде бұл дерт тіркелмеген еді.
Нұрлыбек Ермекұлының сөзіне қарағанда, сондай-ақ биыл 451 адам скарлатинаны (өткен жылы осы уақытта – 339), 3 387-сі (2 894) желшешекті, 189-ы (21) тұмауды жұқтырған.
- Барлық ауа-тамшы жолымен берілетін аурулардың алдын алу үшін медициналық көмекке уақытылы жүгіну қажет. Адам өзін-өзі емдемей, тек дәрігердің нұсқауы бойынша ем қабылдағаны маңызды. Науқас балаларды мектептер мен балабақшаларға жібермеу ұсынылады. Өңірде ЖРВИ-дің өршуіне байланысты онлайн оқуға көшкен мектептер жоқ, - деді Н.Мұстаев.
Оның айтуынша, жіті ішек жұқпалары және паразиттік аурулардан сальмонеллез өткен жылғы 48-ден биыл 88-ге, ротавирустық энтерит 12-ден 90-ға, аскаридоз 98-ден 117-ге, энтеробиоз 180-нен 239-ға, қышыма 18-ден 31-ге, дерматомикоздар 63-тен 94-ке жеткен.
Дегенмен 2025 жылы жіті ішек жұқпаларының топтық аурушаңдылығы және жаппай улану тіркелген жоқ. Эпидемиологиялық тексеру барысында ішек жұқпалары мен паразиттік аурулардың тұрмыстық байланыс арқылы берілгені және жұқтыру көзі толық термиялық өңдеуден өтпеген тағам екендігі анықталды.
- Бұл дерттердің алдын алу үшін жеке бас гигиенасын сақтап, қолды мұқият жуу қажет. Қайнатылған немесе бөтелкедегі суды қолданып, қауіпсіз өнімдерді таңдап, оның жарамдылық мерзімін қадағалау керек. Ет және ет өнімдерін белгіленген сауда орындарынан сатып алып, барлық қажетті құжаттардың болуына назар аударған дұрыс. Ет пен балықты кем дегенде 2,5 сағат толық термиялық өңдеуден өткізген абзал. Сондай-ақ ересектер мен балалар жыл сайын контактілі гельминтоз бен ішек протозоозына қатысты тексеруден өтіп тұрса, артықтық етпейді, - деді маман.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 177 мектепте 440-тан астам оқушы ЖРВИ-мен ауырғанын жазған едік.
Сондай-ақ БҚО-да 20-дан астам адам бүйрек синдромды геморрагиялық қызба дертін жұқтырған.