Батыс Қазақстанда 3 ірі қара малдан құтыру ауруы табылды

Фото: «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында биыл жануарлардың аса қауіпті 12 жұқпалы ауруына қарсы 11 млн бас малды егу көзделіп отыр.

БҚО ветеринария басқармасының басшысы Абзал Бралиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, оған қоса 2,2 млн бас малға диагностикалық зерттеу жүргізіледі. 

Абзал Серікұлының сөзіне қарағанда, күні бүгін облысқа 7,8 млн доза қажетті ветеринарлық препараттар жеткізілді. Сібір жарасы мен аусылға қарсы мал түгелдей егіледі. Ал қалған ауруларға қарсы шыққан жағдайдағы пайыздық көрсеткішіне қарай вакцинациядан өткізіледі. 
Биылғы алты айда облыста 4 млн 754 мың бас мал, яғни 100 пайыз егілді.

- Бруцеллез ауруы ерекше назарда. Диагностикалық зерттеулер нәтижесінде 444,4 мың ірі қараның 3 215-інен немесе 0,7 пайызынан бруцеллез табылды. Зерттелген 686,7 мың бас ұсақ малдың 649-ы немесе 0,1 пайызы зақымданған болып шықты. Бруцеллезге шалдыққан жануарлар келісім-шартқа сәйкес 8 мал сою орнына тапсырылып, жойылады. 2020 жылмен салыстырғанда, кейінгі кезде бруцеллездің төмендеп келе жатқаны байқалады. Дегенмен әлі де атқарылар жұмыс көп, - деді басқарма басшысы. 

Оның айтуынша, биылғы бірінші жартыжылдықта өңірде үш ірі қара мал құтыру ауруымен тіркелді. 

- Мұның екеуі Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылдық округінде, біреуі Казталов ауданы Казталов ауылдық округіндегі Сайқұдық қыстағынан шықты. Ауру ошақтарында тиісті кешенді ветеринариялық іс-шаралар толықтай жүргізілді. Қазіргі уақытта эпизоотиялық ахуал тұрақты, - деді А.Бралиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда көмілген сібір жарасы ошағынан қауіп бар ма, соны жазған едік.