Батыс Қазақстанда 30 мыңдай киік ауланды
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында киік санын реттеу жұмыстары 30 қарашаға дейін созылады.
БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжановтың мәлім еткеніндей, облыс бойынша күні бүгінге дейін 30 мыңдай киік ауланды.
Оның сөзіне қарағанда, қыркүйек айына дейін киіктің тек текелері атылып келсе, қазіргі кезде аналығы мен биылғы төлі де ауланып жатыр.
- Бұл іске барлығы 14 бригада жұмылдырылса, соның 8-і ату, алтауы кораль әдісімен аулап жатыр. 120-дай адам алпыс шақты техникамен жұмыс істейді. Күні бүгін киік Казталов, Жаңақала, Ақжайық аудандарында аулануда. Ақбөкеннің санына қарай мұндай жұмыс басқа аудандарда да жүргізіледі, - деді Н.Рахымжанов.
Оның айтуынша, осы өңірден 7 және көршілес Атырау облысынан «Батыс KZ 25» кәсіпорны етті қабылдап жатыр.
- Тұрғындар киік етін қайдан сатып аламыз? деген сауалды жиі қояды. Бұған байланысты айтарымыз, Орал қаласы маңында Бәйтерек ауданы Байқоныс ауылында орналасқан «Жеңіс» ЖК киік етін сатуда. Ал «Кублей» ЖШС ақбөкен етін қабылдағанмен, оны қалбыр жасау үшін жинақтап жатыр, - деді инспекция басшысы.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда киік санын реттеу жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын жазған едік.