Әкімнің айтуынша, Батыс Қазақстан облысы бойынша барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 617 мың гектарды құрады. Майлы дақылдардан 75 мың тонна өнім алынды. Сондай-ақ, 153 мың тонна картоп, көкөніс-бақша өнімі жиналды.
«Облыста қуаты жылына 11 мың тонналық голландиялық технологиямен 2 заманауи өндірістік жылыжай жұмыс істеп тұр. Бүгінде облыс халқын қызанақ пен қиярмен толықтай қамтудамыз. Облыстың маусым аралық кезеңде картоп-көкөніс өнімдерін сақтау қажеттілігі 70 мың тоннаны құрап отыр. Осы жылы 91 мың тонна картоп-көкөніс өнімдері жиналып, заманауи үлгідегі 32 картоп-көкөніс қоймаласында сақталуда. Облыс халқының көкөніс өнімдеріне қажеттілігін 100% жабу үшін келесі жылы 18 мың тонналық 4 қойма салынып қажеттілік толық жабылады», - деді Н. Төреғалиев Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде.
Сонымен бірге, 2026 жылға дейін 30 мың тонналық 17 қойма салу көзделген.
«Агроөнеркәсіп кешенінде 2023-2026 жылдарға 89 млрд теңгеге 40 инвестициялық жоба жоспарланса, биыл 6 млрд теңгеге 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда», - дейді БҚО әкімі.
Бұған дейін БҚО әкімі өңірдегі киік санын реттеу жұмыстары туралы пікір білдірген еді.