Батыс Қазақстанда 32 мыңға жуық адам тұрғын үй кезегінде тұр

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында қазіргі уақытта мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алу үшін 31 960 адам кезекте тұрса, соның ішінде 18 788-і – халықтың әлеуметтік осал топтарына жататындар, 4 173-і – көп балалы отбасылар.

Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мирас Мүлкәйдің Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, биыл 1 тамызға дейін облыс бойынша 124 адам кезектілік тәртібімен тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Оның сөзіне қарағанда, соның ішінде алтауы – жалғыз баспанасы апатты деп танылғандар, алтауы – мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкерлері, 112-сі – әлеуметтік осал топқа жататындар, бұлардың арасында көп балалы, толық емес отбасылар, мүгедек бала тәрбиелеп отырғандар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, жетім немесе ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, жасы бойынша зейнетке шыққандар, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне теңестірілген және басқа мемлекеттер аумағында әскери іс-қимылға қатысқан ардагерлер бар. 

«Биыл тұрғын үй сертификаттарын беру үшін облыстық бюджеттен 400 млн теңге қарастырылса, соның 240 млн теңгесі – Орал қаласына, 50 млн теңгесі Бөрлі, 10 млн теңгеден басқа аудандарға бөлінді. Қазіргі таңда 75 азаматқа 72 млн 005,96 мың теңгенің тұрғын үй сертификаттары берілді», - дейді М.Мүлкәй.

Басқарма басшысының айтуынша, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үйді жалдау ақысы субсидияланады. 

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2022 жылғы 8 ақпандағы № 60 бұйрығымен бекітілген жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдерді тағайындау және жүзеге асыру қағидаларына сәйкес 4 санат бойынша кезекте тұрғандар (1 және 2 топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар, көп балалы отбасылар) тұрғын үйге мұқтаж адамдар есебінде өтемақы түрінде өтеусіз негізде төлем алуға мүмкіндігі бар.

«Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін төлемдер бюджет қаражаты есебінен теңгерімді негізде 50 пайыз және алушыдан 50 пайыз түрінде жүзеге асырылады. 2024 жылы жалдау ақысын субсидиялау бойынша төлемдерді жүргізу үшін облыстық бюджеттен 50 млн теңге бөлінді. 26 ақпанда "Отбасы банк"АҚ-мен шарт жасалды. Күні бүгінге дейін "Отбасы банк" АҚ деректеріне сәйкес азаматтармен 174 жалдау шарты тіркеліп, 4,9 млн теңге игерілді», - деді М.Мүлкәй.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында жылу желілерінің тең жартысы тозғанын жазған едік.