ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында биылғы үш айда жануарлардан 618 адамның зардап шеккені тіркелді.
БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, жануарлар тістеп, тырнаған немесе сілекейі тиген осыншама адам медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр болған. Бұл көрсеткіш өткен жылғы осы кезеңдегіден (549) 69 дерекке көп. Соның ішінде 14 жасқа дейінгі 165 бала (2025 жылғы үш айда — 151) оқыс оқиғаға ұрынған.
— Жарақат алғандардың 411-ін немесе 66,5 пайызын ит қапса, 162-сін (26,2 пайыз) мысық тістеген. Сондай-ақ 22-сі немесе 3,5 пайызы ірі қарадан, үшеуі (0,5 пайыз) жылқыдан, екеуі (0,3 пайыз) түлкі, қарсақтан, 18-і (3 пайыз) басқа жануарлардан зардап шеккен, — деп хабарлады ведомстводан. Департамент мәліметі бойынша құтыру ауруы Батыс Қазақстан облысында тіркелген жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 2 мыңдай адамды ит пен мысық тістегенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).