Батыс Қазақстанда 51,2 млн теңге әкімшілік актінің күші жойылды

Фото: Фото: freepik.com

ОРАЛ. KAZINFORM — БҚО әкімшілік сотында Орал қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы қабылдаған актіге байланысты іс қаралды.

БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 2024 жылдың қараша айында Орал қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы ЖШС атына 51 млн 250 мың теңге мөлшерінде дебиторлардың банктік шоттарындағы ақшаны өндіріп алу туралы хабарлама жіберген.

«Құқықтық актілер туралы» ҚР Заңының 64-бабы 5-тармағына сәйкес уәкілетті тұлға тиісті актіге қол қоюы тиіс.

Аталған хабарламаға басқарма басшысы қол қойып, оның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылды. Алайда осы мерзімде басқарма басшысы еңбек демалысында болған. Бұл ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодесі 80-бабы 1-тармағы 5-тармақшасына сәйкес келмейді. Яғни басқарма басшысы еңбек демалысында болғандықтан, құжатқа қол қоя алмайды. Сондықтан аталған кодекстің 84-бабы 4-бөлігіне сәйкес заңсыз ауыртпалық түсіретін әкімшілік акт міндетті түрде жойылуға жатады.

- Сот шешімімен талап қою қанағаттандырылды, хабарлама заңсыз деп танылып, күші жойылды. Жауапкерге сот шешімін заңды күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде орындау міндеті жүктелген, ол туралы сотқа хабарлауға міндетті. Заң бұзушылыққа жол берген адамдарға тәртіптік шаралар қолдану мақсатында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің атына жеке ұйғарым шығарылды. Соттың жеке ұйғарымына жауап ретінде Орал қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының ақпараттық технологиялар бөлімі басшысына облыстық департамент бұйрығымен сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылды. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ, - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да әскери қызметшінің үйінен айырылып қала жаздағанын жазған болатынбыз.