Батыс Қазақстанда 519 млн теңгеге жөнделген жолдың быт-шыты шығып жатыр

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында Теректі-Ақсай бағытында сапасыз салынған жолдың быт-шыты шығып жатқаны жөнінде әлеуметтік желіде ақпарат жарияланды .

Фото Бауыржан Ахметжан

БҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі, заңгер Бауыржан Ахметжанның мәлім еткеніндей, БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы облыстық маңызы бар Теректі-Ақсай жолының 73-82 км учаскесін орташа жөндеуге 2022 жылы 22 ақпанда «Елжас» ЖШС-мен келісім-шарт жасаған. Құны – 518 млн 929,828 мың теңге. 

Оның сөзіне қарағанда, жолдың бұзылғаны өткен жылы белгілі болған. Осыған орай облыс әкімдігіне хат жазылып, сот аталған компанияны кепілдік міндетін орындауға мәжбүрлеген. Оған қоса биыл мемлекеттік сот орындаушысы «Елжас» ЖШС-ны мәжбүрлеп орындату үшін атқарушылық іс қозғаған. 

Фото Бауыржан Ахметжан

Осы мәселенің анық-қанығын білу мақсатында Kazinform тілшісі БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына арнайы сауал жолдаған еді. 
Басқарма басшысы Марат Қуаншалиев жолдаған жауапқа қарағанда, кепілдендірілген учаскелерді тексеру кезінде жол төсемінің ішінара бұзылуы, көптеген шөгулер, жолдың жүру бөлігінде, соның ішінде Бөрлі ауданы Пепел ауылы маңындағы теміржол өткелі ауданында шұңқырлар анықталған.

- Басқарма дауды сотқа дейін реттеу тәртібімен кепілдік міндеттемелер аясында анықталған ақауларды жоюды талап ете отырып, наразылық жолдады. Алайда мердігер ұйым белгіленген мерзімде жұмыстарды орындауға кіріскен жоқ. Сол себепті басқарма 2025 жылы 13 маусымда тиісті талап-арызбен сотқа жүгінді. БҚО мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 2 қыркүйектегі шешімімен «Елжас» ЖШС-не мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша кепілдік міндеттемелерін орындауға мәжбүрлеу туралы талап-арыз қанағаттандырылды, - дейді М.Қуаншалиев.

Басқарма мәліметіне сәйкес биылғы 29 сәуірде Теректі-Ақсай автомобиль жолының 73-82 км учаскесіндегі орташа жөндеу нысаны бойынша кепілдік міндеттемелер аясында комиссиялық тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижесінде «Елжас» ЖШС-не анықталған ақауларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын 8 мамырға дейін ұсыну туралы хат жолданды. Әйтсе де белгіленген мерзімде мұның орындалмауына байланысты басқарма тарапынан іс-шаралар жоспарын ұсыну талабымен талап-шағым жолданды.

Нәтижесінде 2026 жылғы 5 маусымда іс-шаралар жоспары бекітіліп, жұмыстарды орындау мерзімі 10 маусымнан 31 шілдеге дейін болып белгіленді.

Сонымен қатар БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 22 желтоқсандағы атқару парағына сәйкес әділет департаменті «Орал қаласының аумақтық мәжбүрлеп орындату бөлімі» филиалының мемлекеттік сот орындаушысы С.Әміреева биылғы 3 маусымда атқарушылық іс жүргізуді қозғады.

Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясы 8-9 шілде күндері автомобиль жолдарын жөндеу нысандарындағы жұмыстардың орындалу барысымен танысу мақсатында көшпелі тексеру жүргізді. Тексеру барысында аталған жол учаскесі де қаралып, бірқатар кемшіліктер анықталды.

Фото Бауыржан Ахметжан

Осыған байланысты 10 шілдеде облыс әкімі орынбасарының төрағалығымен, «Елжас» ЖШС басшылығының қатысуымен кеңес өткізілді. Кеңес қорытындысы бойынша мердігер ұйым жаңа жұмыс өндірісі кестесін әзірлеп ұсынуға және келісілген жұмыстарды толық көлемде орындауға міндеттеме алды.

- «Елжас» ЖШС сот шешіміне сәйкес кепілдік міндеттемелерін орындау жөніндегі жұмыстарға 26 шілдеден бастап кірісті. Қазіргі уақытта Теректі-Ақсай жолының 80-шақырымындағы теміржол өткелі маңында жолдың негізін ресайклирлеу және шұңқырларды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар нысанға жол-құрылыс материалдарын тасымалдау жұмыстары жүзеге асырылуда, - деп қосты М.Қуаншалиев. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да тұрғындар жолдың нашарлығын айтып наразылық білдіргенін жазған едік

Сондай-ақ БҚО-да жолды күтіп ұстамаған мердігер мекемеге айыппұл салынды