Батыс Қазақстанда 55 ауылды жарықсыз қалдырған электр желілері жөнделіп жатыр

Фото: Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында 6-7 ақпанда күшті желге және сымдарда мұз бен қар жамылғысының пайда болуына байланысты Бөрлі, Шыңғырлау, Теректі, Ақжайық, Қаратөбе аудандары мен ішінара Орал қаласында электр қуаты үзілді.

БҚО әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін 39 апаттық бригада мен 49 арнайы техника жұмылдырылды.

«7 ақпан сағат 15.00-дегі мәлімет бойынша облыстың және Орал қаласының ажыратылған аудандары бойынша электр беру желілерінің кернеуі қалпына келтірілді. Сонымен қатар әуе желілерінің ішінара ажырауына байланысты абоненттердің көптеген жеке өтінімдері бар. Бөрлі ауданында абоненттердің 75 пайызын электрмен қамту қамтамасыз етілді. Шыңғырлау ауданының Ақшат пен Ақбұлақ және Қаратөбенің Егіндікөл, Қоскөл ауылдарында электрмен жабдықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Авариялық-қалпына келтіру жұмыстары қолайсыз ауа райы және көлікке қолжетімділіктің шектелуімен күрделене түсті. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын бүгінгі күннің соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр» деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда оннан астам ауылдың жарықсыз қалғанын жазған болатынбыз.

Еліміздің батыс облыстарында боран ұйытқып тұр. 

БҚО-да күшті жел 55 ауылды жарықсыз қалдырып, бірнеше ғимараттың шатырын жұлып әкетті.