Батыс Қазақстанда 60-тан астам заңсыз қоқыс үйіндісі анықталды

Фото: ТЖМ

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы аумағында заңсыз орналастырылған қоқыс үйінділерін анықтау жұмысы жүргізіліп келеді.

БҚО бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Сырым Тілегеновтің айтуынша, биылғы мамыр айында «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ Орал және Ақсай қалаларынан 100 шақырым радиуста космостық түсірілім жасады. Соның нәтижесінде Орал қаласы мен Бәйтерек, Бөрлі аудандарынан 62 заңсыз қоқыс үйіндісі табылды.

Сырым Бақтығалиұлының сөзіне қарағанда, ғарыштық мониторинг қорытындысы бойынша өткен жылы облыс аумағында 192 стихиялық қоқыс орны анықталса, соның 24-і Орал қаласы, 50-і Бөрлі, 71-і Бәйтерек және 40-ы Теректі ауданының үлесіне тиеді.

- Өткен жылы осындай 158 орын немесе 85 пайызы жойылды, соның ішінде Оралда – 21, Бөрлі ауданында – 39, Бәйтеректе – 67, Теректіде – 29, Тасқала мен Шыңғырлауда – бір-бірден. Бұдан бөлек, жетеуі анықталмады, біреуінің жеке аумақта орналасқаны белгілі болды. 22-сі – жер актілері мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі базасында тіркелмеген қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны. Заңсыз орналастырылған стихиялық қоқыс үйінділерінің төртеуі (Оралда – 2, Сырым ауданында – 2) жойылған жоқ, - деді С.Тілегенов.

Оның мәлімдеуінше, Бәйтерек, Бөрлі және Теректі ауданында 22 полигон жергілікті кадастрлық деректерді есепке алмағанда, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ геосервисінде WGS-84 координаттар жүйесінің қолданылуына байланысты заңсыз қоқыс тастайтын орындар ретінде белгіленді. Бұл мемлекеттік базада полигондардың құқықтық мәртебесі туралы нақты ақпараттың болмауына байланысты.

- Әкімдіктермен бірлесіп координаттарды нақтылау және деректерді түзету қажет. Барлық жойылған стихиялық үйінділер геопорталға растайтын фотосуреттермен енгізіледі, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар жіберген хаттармен расталады. Осыдан кейін геопорталда жұмыстардың орындалғанын растайтын «жойылды» деген белгі қойылады, - деп нақтылады департамент басшысының орынбасары.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 150-ге жуық қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының тек 17-сіне рұқсат берілгенін жазған болатынбыз.