Батыс Қазақстанда 70-тен астам көппәтерлі тұрғын үй апатты деп танылған

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында 2 533 көппәтерлі тұрғын үй болса, соның 1 540-ы немесе 60,8 пайызы күрделі жөндеуді қажет етеді.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Қанат Өмірәлиевтің мәлім еткеніндей, 671 үйдің (26,4 пайыз) жағдайы қанағаттанарлық болса, 73-і (2,9 пайызы) апатты деп танылған. 249 көппәтерлі үй (9,9 пайызы) ескірген.

Қанат Амангелдіұлының сөзіне қарағанда, заңнамаға сәйкес жергілікті атқарушы органдарға жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтарға коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжай беру және оны бөлу жөніндегі құзырет берілген.

- Қазіргі таңда облыс бойынша тұрғын үйге мұқтаждар есебінде 45 018 азамат тіркелсе, соның 645-і – жалғыз баспанасы апатты деп танылғандар. Осындай санаттағы азаматтар үшін қала және аудан әкімдіктері Оралда – 140, Қаратөбе ауданында – 1, Сырымда – 72, Тасқалада 26 пәтер сатып алды. Осы тұрғынжайларды қолданыстағы заңнамаға сәйкес жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтар арасында жыл соңына дейін бөлу жоспарлануда, - деді Қ.Өмірәлиев.

Оның айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында облыс бойынша 2011–2025 жылдар аралығында барлығы 499 көппәтерлі тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Соның ішінде 162 жоба бойынша лифтілер ауыстырылды.

Күні бүгін Орал қаласында қайтарымды қаражат есебінен жалпы құны 125,2 млн теңге болатын лифтілерді ауыстыру бойынша 4, шатырларды жөндеуге қатысты 2 жоба жүзеге асырылуда.

- Тұрғындар тарапынан үйлер мен шатырларға күрделі жөндеу жүргізуге, сондай-ақ тозған лифтілерді ауыстыруға қызығушылықтың артуына байланысты жобалар саны да ұлғаюда. Осыған байланысты биыл ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне республикалық бюджеттен қаражат бөлу мақсатында жалпы құны 1 210,3 млн теңге болатын 54 жоба бойынша бюджеттік өтінім жолданды. Министрлік тарапынан қолдау көрсетілген жағдайда 2027 жылы лифтілерді ауыстыру бойынша 46 және шатырларды жөндеуге қатысты 8 жоба іске асырылатын болады, - деп қосты Қ.Өмірәлиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда барар жер, басар тауы жоқ тұрғындардың апатты үйде тұрып жатқанын жазған едік.