Батыс Қазақстанда 75 адам гонконг тұмауына шалдыққан
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында 1 қазаннан бері 75 адам гонконг тұмауымен (H3N2) ауырса, соның 55-і — балалар.
БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың мәлім еткеніндей, сонымен қатар 5 жүкті әйел тұмау жұқтырған.
Оның сөзіне қарағанда, тұмау тәріздес емес вирустардан аденовирус, риновирус, боковирус, рс-вирус, пандемиялық емес коронавирус анықталды.
— Өңірде 1 қазаннан бастап 37 457 адамның жіті респираторлық вирусты инфекциялар (ЖРВИ) жұқтырғаны тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8 пайызға төмендеді. Ауырғандардың 26 391-і 14 жасқа дейінгі балалар. Соның ішінде 356-сы бір жасқа толмаған. Сонымен қатар 58 екіқабат әйел сырқаттанған. Бұл — жүктілігіне байланысты есепте тұрғандардың 0,1 пайызы, — деді Нұрлыбек Мұстаев.
Департамент басшысының орынбасары ЖРВИ-дің таралуына жол бермеу үшін сақтық шараларын ұмытпау, ауыра қалған жағдайда өздігінен емделмей, дәрігерге жүгіну керектігін еске салды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 177 мектепте 440-тан астам оқушының ЖРВИ-мен ауырғанын жазған едік.
Сондай-ақ Батыс Қазақстанда 3 400-ден астам адам желшешекпен ауырған.