Батыс Қазақстанда арнайы олимпиадалық клуб ашылмақ

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында Париж Олимпиадасынан кейін олимпиадалық спорт түрлерін дамыту бағытында іс-шаралар жүзеге асырылмақ. 

Фото: Сали Сабиров/МОҚ

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жеңіс Нығметуллиннің Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, олимпиада ойындарына сапалы дайындық жүргізу, соның ішінде жоғары нәтиже көрсетіп жүрген спортшыларды ұстауға баса назар аударылады.

Жеңіс Махамбетұлының сөзіне қарағанда, әлемдік деңгейге жеткізу үшін спортшыны тұрақты түрде жалақымен, құрал-жабдықтармен, іссапар қаражаттарымен үнемі қамтамасыз ету қажет. Біліктілігі жоғары бапкерлердің керектігі де айдай анық.

«Осыған орай арнайы олимпиадалық клуб ашуды көздеп отырмыз. Бұл жобаның құны – 200 млн теңге. Тиісті бюджеттік өтінім әзірленді», - дейді Ж.Нығметуллин.

Оған қоса спорттық ұйымдарда олимпиадалық емес спорт түрлерінің саны қысқартылады. Оның орнына олимпиадалық көркем гимнастика мен биатлон сияқты спорт түрлерінен жаңадан бөлімшелер ашу ойластырылады. Сол секілді медаль көп беретін олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға ден қойылады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз тапсырмасында елімізде спортшыларды кәсіби медициналық және қалпына келтіру қызметімен қамтамасыз етуге ерекше көңіл аударуды ұсынды. Осыған орай әр өңірде дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерін ашу жоспарланды. Бұл бағытта да 450 млн теңгеге тиісті бюджеттік өтінім дайындалды», - дейді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, Президенттің спорттық инфрақұрылымды нығайту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында алдағы қыркүйек айында Казталов және Тасқала аудандарында 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешені қолданысқа беріледі. Осылайша, барлық аудан аталмыш кешендермен толық қамтылады.

Президент тапсырмасына сәйкес Орал қаласындағы 10-шағынауданда «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қаражаты есебінен салынып жатқан көпатқарымды спорт кешенін биылғы жыл соңында пайдалануға беру жоспарлануда. Күні бүгін құрылыс жұмысы 43 пайызға орындалды.

Сол секілді мүмкіндігі шектеулі адамдардың спортпен шұғылдануына жағдай жасау мақсатында «Жастар» стадионының жанынан дене шынықтыру-сауықтыру кешені тұрғызылуда.

«Сондай-ақ ауылдарда спорт кешендерінің құрылысы жалғасады. Мысалы, жергілікті бюджет есебінен Жаңақала ауданының Жаңақазан, «ҚПО б.в.» компаниясының қаржысына Бәйтеректің Дариян, Теректінің Ақжайық, «Samruk-Kazуna Trust» қолдауымен Теректінің Жаңаөмір ауылында жаңа ғимараттар бой көтермек. Орал қаласында П.Атоян атындағы стадионды қайта жаңарту үшін жобалық-сметалық құжаттама жасалып, мемлекеттік сараптамаға берілді. Жергілікті бюджет есебінен қалалық мәдениет және демалыс саябағындағы есу базасын қайта құру жұмыстарын жүргізу көзделуде. Париж Олимпиадасына қатысқан ескекші Мария Бровкованың осы орталықта тәрбиеленгені белгілі. «Ақжайық» шағынауданында үстел теннисі орталығын салу үшін 2 гектар жер белгіленді. Мұның бәрі спортшылардың шеберлігін ұштап, жетістігін молайтумен қатар тұрғындардың дене шынықтырумен айналысуына барынша жағдай жасау мақсатында қолға алынуда», - деп түйіндеді сөзін Ж.Нығметуллин.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Мария Бровкованың Олимпиадада ел үмітін ақтауға күш салатынын жазған болатынбыз.