Батыс Қазақстанда ауыл тұрғындары қарға көмілген қойларды құтқарды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында боран кезінде қойлардың қарға көміліп қалғаны жөнінде бейнежазба тарады.
Бейнежазбада адамдардың малды қардан аршып алып жатқаны көрінеді. Казталов ауданы әкімдігінен алынған мәліметке қарағанда, оқиға 14 желтоқсан күні Бірік ауылдық округіне қарасты Әжібай ауылынан 28 шақырым қашықтықта орналасқан Жұмыр қыстағында болды.
— Боран салдарынан қанша малдың шығынға ұшырағаны белгісіз. Қазіргі кезде олардың нақты саны анықталып жатыр. Мал «Қадырболат» шаруа қожалығына (басшысы Қуаныш Мұқашев) тиесілі, — деп хабарлады Казталов ауданы әкімдігінен.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, өңірде басқа да аудандарда бораннан кейін төрт түлік мал түгенделіп жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да боранда жоғалып кеткен үш адамның денесі табылғанын жазған едік.
Сондай-ақ БҚО-да тағы бір ер адамның денесі табылды.