ОРАЛ. KAZINFORM — БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 17 шілде күні шамамен сағат 15.00-де Орал-Озинки жолының 64-шақырымында Бәйтерек ауданы Усихино елді мекені тұсында болды.
Алдын ала мәлімет бойынша Chevrolet Aveo автокөлігінің жүргізушісі «КамАЗ» жүк көлігін басып озамын деп, рульге ие бола алмай, оның артқы бөлігіне соғылған. Соққы салдарынан жеңіл автокөлікте өрт шығып, жанып кеткен.
— Оқиға орнында Chevrolet Aveo автокөлігінің жүргізушісі мен үш жолаушысы қаза тапты. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да автокөлік аударылып, екі адамның көз жұмғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).