Батыс Қазақстанда автокөлік жүк пойызымен соқтығысты
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы аумағында Қазақстан станциясы – Пепел темір жол өткелінде жеңіл автокөліктің жүк пойызымен соқтығысқаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба тарады.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің нақтылауынша, оқиға 7 сәуір күні сағат 15:20-да реттелетін темір жол өткелінде болған.
Kia автокөлігі жүк пойызымен соқтығысты.
— Автокөліктің алдыңғы бөлігі түйіскен. Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендер жоқ. Аталған оқиғаға байланысты Бөрлі ауданы полиция бөлімімен Kia автокөлігінің жүргізушісіне жол ережесін бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабына сәйкес хаттама толтырылды. Сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» мекемесіне темір жол өткелінен пойыздың өтуі кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етпегені үшін ұсынысхат жіберілді, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жеңіл көлік қағып кеткен әйелдің көз жұмғанын жазған болатынбыз.