Батыс Қазақстанда автокөліктен 291 киік мүйізі шықты

Фото: Фото: БҚО полиция департаменті

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында киік мүйізін тасымалдаушылар қолға түсті.

Бұл туралы БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері ҚР ҰҚК департаментімен бірлесіп заңсыз сауданың жолын кесті.

- Орал-Атырау күре жолы бойында полиция қызметкерлері Toyota Alphard автокөлігін тоқтатып, тексерді. Көліктің жүксалғышынан 291 киік мүйізі салынған екі қорап табылды. Мүйіз автокөлік жолаушысы, Бөкей ордасы ауданының тұрғыны, 1982 жылғы ер адамға тиесілі екендігі анықталды. Қазіргі кезде қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде, - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да тұрғынның киік мүйіздерімен ұсталғанын жазған болатынбыз.