Батыс Қазақстанда балалар сауықтыру лагерьлері санитарлық тексеруден өткізіліп жатыр

Фото: Мұхтар Холдорбеков / Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында балалар сауықтыру лагерьлері санитарлық тексеруден өткізіліп жатыр.

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, осы уақытқа дейін нысанның нормативтік-құқықтық актілерге сәйкестігі туралы санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алу үшін 12 өтініш келіп түсіп, соған сәйкес тиісті жұмыстар атқарылуда.

Атап айтқанда, Бөкей ордасы ауданының «Арай», Бәйтеректің «Достық», Теректінің «Балдәурен», «Жасұлан», «Ақ шағала», Сырымның «Достық», Жаңақаланың «Күншуақ», Қаратөбенің «Жасыл желкен», Бөрлінің «Жас туристер станциясы», сондай-ақ Орал қаласының «Атамекен», «Дарын», «Самал» балалар сауықтыру ұйымдарынан өтініштер қабылданды.

«Қазіргі кезде аталған лагерьлердің санитарлық талаптарға сәйкестігіне тексеріс жүргізілуде. Оған қоса ағымдағы жөндеу жұмыстары жалғасуда. Мұның сыртында бұған дейін Шыңғырлау ауданында «Арай» және Тасқалада «Шұғыла» балалар сауықтыру ұйымына санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды берілді», - деді Нұрлыбек Ермекұлы.

Оның айтуынша, балалардың жазғы демалысы мен сауықтыру ісін сапалы ұйымдастыру мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды.

Биыл облыстық білім басқармасының мәліметіне сәйкес 1-10 сынып аралығындағы 7 217 баланы жазғы сауықтыру іс-шараларымен қамту жоспарлануда. Жаз мезгілінде қала сыртындағы 17 сауықтыру орталығы, мектептер жанында 595-ке жуық күндізгі лагерь (мұның 268-і – тамақтандыру ұйымдастырылып, балалар ұйықтайтын орындар, қалған 327-сі - тамақтандырусыз) жұмыс істемекші.

«ҚР Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушының «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсетудің кейбір мәселелері туралы» 2020 жылғы 30 желтоқсандағы № 336 бұйрығына сәйкес лагерьлерде санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алу үшін зертханалық-аспаптық өлшеулер жүргізіліп, хаттамалар жасалады. Балалар келгенге дейін барлық сауықтыру орталықтары санитарлық нормаларға толық сай болуы тиіс. Сонымен қатар лагерьлер жұмыс істеген кезде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті облыстық білім басқармасымен бірлесе отырып, нысандарға комиссиялық мониторинг жүргізетін болады. Мониторинг барысында жіті ішек инфекциялары мен тамақтан уланудың алдын алу мақсатында балалардың тамақтану жайына, олардың медициналық кабинеттермен, қызметкерлермен қамтамасыз етілуіне, ас блогында тағам өнімдерін сақтау шарттарына және басқа санитарлық талаптардың орындалуына баса назар аударылады», деді Н.Мұстаев.