ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында криминалдық полиция қызметкерлері Орал қаласының 34 жастағы тұрғынын қолға түсірді.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, аталмыш тұрғын қала аумағында автокөліктерден ұрлық жасаумен айналысқан.
Тергеу барысында күдіктінің түнгі уақытта автотұрақтарда тұрған автокөліктердің терезелерін сындырып, ішіндегі бейнетіркегіштер мен жеке заттарды ұрлағаны анықталды.
— Оның шілде және тамыз айларында Орал қаласында 11 ұрлық жасағаны белгілі болды. Автокөлік иелеріне келтірілген жалпы шығын 5 миллион теңгеден асты. Ұрлық деректері бойынша күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілді. Қазіргі уақытта тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да полиция 10 адамды сан соқтырған күдіктіні құрықтағанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).