Батыс Қазақстанда бір ауданда әкім сайлауына бірден 7 үміткер түсіп жатыр

Фото: ҚазАқпарат

Батыс Қазақстан облысында Бөкей ордасы, Қаратөбе, Тасқала аудандарында әкім сайлауына барлығы 16 кандидат ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақовтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соның ішінде бесеуін (31,3 пайызы) саяси партиялар додаға қосса, 11-і (68,7 пайызы) өзін-өзі ұсынды.

Орташа бәсеке — 5,3 адам. 

Ғайса Хамидоллаұлының сөзіне қарағанда, кандидаттардың ең көбі (7) Бөкей ордасы ауданында ұсынылып отыр. Қаратөбеде — 3, Тасқалада — 6 үміткер бар.

«Кандидаттардың бәрі де — ер адамдар. Орташа жасы — 41,5 жыл. Ең жасы 27-де (Тасқала ауданы), ең ересегі 56-да (Бөкей ордасы ауданы). Соның ішінде 11-і мемлекеттік мекеме, ұйымдарда жұмыс істейді, біреуі — бюджеттік саланың қызметкері, үшеуі — коммерциялық құрылым өкілдері, біреуі — уақытша жұмыссыз. Бесеуі (31,2 пайызы) — экономист, төртеуі (25,0 пайызы) — заңгер, үшеуі (18,7 пайызы) — қаржыгер, екеуі (12,5 пайызы) — педагог, біреуі (6,3 пайызы) — мал дәрігері, біреуі (6,3 пайызы) — техник-кұрылысшы. 5 қазан күнгі мәлімет бойынша бес кандидаттың сәйкестігі анықталды. Біреуі ҚР мемлекеттік қызмет заңнамасының талаптарына сәйкес келмейді. 3 кандидат тіркелді», — деді Ғ.Қапақов.

Кандидаттарды тіркеу 10 қазан күні сағат 18.00-де аяқталады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысының үш ауданында әкімдер сайланатынын жазған едік.