Батыс Қазақстанда бірегей алма бағы жойылып кетуі мүмкін
ОРАЛ. KAZINFORM – Биыл Батыс Қазақстан облысында белгілі бағбан Қайрат Кәрімов өсіріп отырған Сергей Исаев атындағы эксперименталдық коллекциялық тәлімбақ суға кеткен болатын. Қазіргі таңда аталмыш бірегей алма бағын қалай сақтап қалу мәселесі ғалымдар мен жанашыр адамдарды алаңдатып отыр. Бұл туралы БҚО кәсіпкерлер палатасында өткізілген жиында айтылды.
БҚО кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Мұрат Жәкібаев Қайрат Кәрімовтің жай ғана кәсіпкер еместігін, бақты өсіру үшін қаржы, қыруар еңбек өз алдына, он жылдай уақыт бойы ғылыми жұмыстармен айналысқандығын атап өтті.
Бәйтерек ауданы Мичурин ауылдық округі аумағында Шаған өзені жағасында орналасқан 7,6 гектар бақта алманың 200 сорты, 80 түрлі алма телтүбірі (подвой), жүзімнің 200 сорты, сондай-ақ қылқан жапырақты, декоративтік ағаштар мен бұталар өсірілген еді. Қайрат Кәрімовтің айтуынша, аталмыш бақта жеміс ағаштарының тектік қоры жинақталған.
«Біз жылдар бойы сорттар мен телтүбірлерді зерттей отырып, олардың қалай өркен жаятынын зерделедік. Мұндай ғылыми жұмыстар тек Батыс Қазақстан ғана емес, климат жағдайлары қатал болып келетін басқа да өңірлерде бақтарды қалпына келтіру мен дамыту үшін керек. Мұның мемлекет үшін де стратегиялық маңызы бар дер едім. Егер біздегі кейбір сорттар жойылатын болса, біржола әлемде құрып кетеді. Сондықтан мұны тектік (генетикалық) бақ деп бағалауды өтінемін. Алдын ала мәлімет бойынша бақ түгелдей суға кеткендіктен, 80 пайызы жойылды деуге болады. Көптеген теректердің тамырына зақым келді. Мұны қалпына келтіру үшін бүршік арқылы өсіруге болады. Зайыбым Роза екеуміз үмітімізді үзбей, кейбір ағаштарды қазірдің өзінде будандастырып қойдық. Алдағы уақытта су баспайтын басқа да жерден қосымша бақ өсіргім келеді. Біздерді Владивостоктан Еуропадағы ғалымдарға дейін хабарласып, қолұшын созғысы келіп отыр. Осындай қолдау өз еліміздің тарапынан да болса деймін», - дейді Қ.Кәрімов.
БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы міндетін атқарушы Рүстем Зұлқашев өтемақы мал және өсімдік шаруашылығы бойынша берілетінін жеткізді. Өтемақы төлеу ережесі 17 мамырда бекітілген. Оны арнайы құрылған комиссиялар анықтайтын болады.
«Қазіргі таңда облыс бойынша су тасқынынан 29 өсімдік шаруашылығы нысаны зиян шеккен, соның ішінде күздік бидай алқаптары, бір-екі жылыжай, 1 гектар құлпынай, 25 тонна минералдық тыңайтқыш бар. Біз бақтар бойынша да технологиялық карталар жасап, ғылыми-зерттеу институттарына жібереміз. Соның қорытындысы негізінде аудандық комиссиялар келтірілген зиянды есептеп шығарады. Біз Қайрат Кәрімовтің тәжірибе бағының мәртебесі ерекше екендігін түсінеміз. Шығын тек теректер бойынша есептелетін болады. Ал ғылыми зерттеулер мен бақтың бірегейлігіне қатысты ережеде ештеңе айтылмаған. Біз бақта болып, алдын ала есептерді шығардық», - деді Р. Зұлқашев.
Жиында Қайрат Кәрімовтің бағына қатысты ғалымдар да өз пікір-ұсыныстарын білдірді.
«Қайрат Кәрімовтің маңдай терімен өсірілген бұл бақ біздің келешек ұрпағымыз үшін керек. Оны осындай дәрежеге жеткізуге көптеген шетелдік, соның ішінде ресейлік ғалымдар атсалысты. Егер бұл тектік қорымызды сақтап қала алмасақ, онда басқа мемлекеттерге тәуелді боламыз. Қазақстанды алманың отаны десек, сол атақтан айырылып қалмау керек. Осындай алма бағы арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, көптеген экологиялық мәселелерді шеше аламыз. Сондықтан Қайрат пен Розадай адамдарды бәріміз қолдауымыз керек», - деді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, профессор, «Интенсивті бақ» қазақстандық-нидерландылық орталығының жетекшісі Гүлфаридат Кәмпитова.