Батыс Қазақстанда бірінші сыныпқа 12 мыңға жуық оқушы қабылданады
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында білім беру ұйымдарына бірінші сыныпқа қабылдау 1 сәуірден 31 тамызға дейін жалғасады.
БҚО білім басқармасынан мәлім еткеніндей, 2025-2026 оқу жылына болжам бойынша 1 сыныпқа 12 мыңға жуық оқушы алынбақшы.
Қазіргі таңда 9 997 бала мектептерге қабылданса, соның 7 648-і қазақ, 2 349-ы орыс тілінде білім алуға ниет білдірді.
— Өтініштер www.egov.kz «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы және қағаз нұсқада білім беру ұйымдары арқылы (демалыс және мереке күндерін қоспағанда, дүйсенбіден бастап жұманы қоса алғанда) қабылданады. Ата-аналардың немесе заңды өкілдердің өтініші, № 065/у нысанды «Профилактикалық екпелер картасы» және № 052-2/у нысанды «Бала денсаулығының паспорты», баланың 3×4 см өлшеміндегі 2 дана фотосуретi ұсынылады. Білім беру ұйымдары дайындық деңгейіне қарамастан, қызмет көрсететін аумақта тұратын балалардың қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, алты жастағы және күнтізбелік жылда алты жасқа толатын балаларды бірінші сыныпқа қабылдауды қамтамасыз етеді. Қызмет ету аумағы қалалардың, аудандардың білім беруді басқару органдарының бұйрығымен бекітіледі, — дейді басқарма мамандары.
Басқармадан түскен мәліметке қарағанда, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің 2023 жылғы 17 қарашадағы № 341 және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің 2023 жылғы 17 қарашадағы № 556 бірлескен бұйрығы негізінде «Жалпы білім беретін мектептердегі білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жекелеген санаттарын тегін және жеңілдікпен тамақтандыруды ұсыну» мемлекеттік қызметін іске асыру мақсатында облыс бойынша 365 мемлекеттік мектептердің ішінен 93-інде (аудан орталықтарында, қалада орналасқан) аппараттық-бағдарламалық кешендер орнатылды.
Бұл мектептерде 4 өнім жеткізуші бар: 22 мектепте «Отан-мектеп», 11-інде «Алақан», алтауында «Қазбілім», 54-сінде «Е-Асхана». Қазіргі таңда қондырылған аппараттық-бағдарламалық кешендердің «Әлеуметтік әмиян» ақпараттық жүйесімен интеграция жұмыстары 100 пайыз аяқталды.
Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен 1 млрд 998 млн теңгеге 644 401 дана оқулық сатып алынды. Күні бүгінге дейін білім басқармасы 9 баспамен келісім-шарт жасасқан. Оқулықтар 25 тамызға дейін жеткізіледі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда салынып жатқан жайлы мектеп құрылысы неліктен кешеуілдегенін жазған едік.