Батыс Қазақстан облысында екі автокөлік соқтығысып, жүргізуші қаза тапты, деп хабарлайды Kazinform.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 1 қараша күні Орал-Атырау жолында Ақжайық ауданы аумағында болды.
"Сағат 09.30-да Чапаев ауылынан 15 шақырым жерде Мойылды елді мекені тұсында 33 жастағы жүргізуші айдап келе жатқан Volvo жүк көлігі "ВАЗ-2114" автокөлігімен түйісті. Салдарынан жеңіл көлікті тізгіндеген 22 жастағы жүргізуші құтқарушылар келгенге дейін мерт болды. Жүк көлігінің жүргізушісіне алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде", - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда 85 жастағы кейуананы ұрып-соғып, тонап кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).