Батыс Қазақстанда энергетикалық қауіпсіздікті қалай қамтамасыз етуге болады
ОРАЛ. KAZINFORM — Қай ел, аймақ болмасын, ешкімге тәуелді болмау үшін энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызы зор екендігі түсінікті. Осы орайда Ресейдің бес өңірімен шектесетін Батыс Қазақстан облысында қандай қадамдар жасалып жатыр, Kazinform тілшісі мәселені зерделеп көрді.
Жаңа станциялар қашан салынады?
БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бейімбет Мусиннің мәлім еткеніндей, «Жылу энергетикалық жүйесін дамыту» бағдарламасы аясында биыл 2 млрд 529,3 млн теңгеге Орал қаласы мен Тасқала, Бәйтерек, Ақжайық аудандарында ұзындығы 138,1 шақырым 110 кВ әуе желісін қайта құру қолға алынып отыр.
Бейімбет Мәлікұлының сөзіне қарағанда, Орал қаласында 1 млрд 197,7 млн теңгеге ұзындығы 31,3 шақырым «Ақжайық-2» қосалқы станциясынан «Ақжайық» және «Үміт» шағынаудандарындағы 10 кВ тарату пункттері мен 10/0,4 кВ трансформаторлық қосалқы станцияларына дейін электр желілері тартылмақшы. Құрылыс жұмыстары аяқталған Орал қаласы ГТС-54 маңында 110/10 кВ қосалқы станциясы салынып жатыр.
Сонымен қатар Қытай Халық Республикасының инвесторларымен «Батыс Пауэр» ЖШС-ның электр қуатын өндіретін газ-электр турбинасының қуатын 200 МВт-тан 414 МВт-қа дейін кеңейту бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр.
— Биыл электр қуатымен жабдықтауға облыс сұранысы күрт өсіп, тұтыну көрсеткіші 1 мың млн кВт/сағатқа жетті. Электр қуатының 98,1 пайызы өз облысымызда өндірілсе, қалған 1,9 пайызы Ресей Федерациясынан сатып алынады, — дейді Б.Мусин.
Нақты айтқанда, Бөкей ордасы ауданы Сайқын ауылына Ресейдің Жоғары Басқұншақ, Жәнібек ауданы Жәнібек ауылына Палласовка, Жақсыбайға Петропавлов, Казталов ауданы Казталов ауылына Александров Гай, Болашаққа Новоузен, Тасқала ауданы Достық ауылына Озинки, Бөрлі ауданы Жарсуатқа Елек, Шыңғырлау ауданы Шыңғырлау ауылына Соль-Илецкіден әуе желілері арқылы электр қуаты келеді.
— Осы мәселені шешу мақсатында Жәнібек ауданы Өнеге ауылында жаңартылатын энергия көздерін пайдалану үшін «Green Spark Power 01» ЖШС инвесторымен қуаттылығы 5 МВт күн және газ-поршеньді аралас электр станциясын салу 2026 жылға жоспарланды. Бұл жоба жүзеге асқан кезде облыс орталығынан ең шалғайда орналасқан Бөкей ордасы және Жәнібек аудандары өз электр қуатымызбен қамтылады. Оған қоса «Green Energy Industrial Company Aktobe» ЖШС Орал қаласы іргесіндегі Ысқырық тауында қуаттылығы 50 МВт жел электр станциясын 2027-2028 жылдары тұрғызбақшы. Ал Теректі ауданы Пойма ауылында қуаттылығы 30 МВт күн электр станциясын «Vigor Holding» ЖШС инвесторы 2027-2028 жылдары қолға алуды көздеп отыр, — дейді Б.Мусин.
Электр желілерінің тозуы — 78,86 пайыз
Тағы бір маңызды мәселе электр беру желілері екендігі белгілі. Облыс бойынша әр түрлі кернеу класындағы электр желілерінің ұзындығы 20 531 шақырым болса, қосалқы трансформаторлық станциялар саны — 3 183.
Қазіргі таңда өңірде электр желілерінің тозуы 78,86 пайыз болып отыр. Бір жыл бұрын басқарма берген мәліметте электр беру желілері мен қосалқы станциялардың негізгі бөлігі 80,67 пайызға тозғандығы айтылған еді. Бұдан бір жыл ішінде тозу көрсеткішінің 1,81 пайызға азайғанын көруге болады. Бұл аталмыш мәселенің әлі де аса өзекті екендігін көрсетеді.
— Электр желілерін жаңарту мақсатында биыл жөндеу бағдарламасын жүзеге асыруға 500 млн теңге қарастырылды. Күні бүгінге дейін жоспарланған 709,84 шақырым электр желісінің 272,4 шақырымы жөнделіп, оған қоса 1 866 дана тіреу бағанасы орнатылды. Сондай-ақ жөнделуі көзделген 22 қосалқы станциясының 16-сы, 164 кешенді трансформаторлық қосалқы станциясының 59-ы ретке келтірілді, — дейді басқарма басшысы.
Дәл осы мақсатта «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында 2024 жылы 750 млн теңгеге төрт аудан бойынша электр желілерін жаңғыртатын 6 жоба басталып, соның төртеуі аяқталды. Қалған екеуі жыл соңына дейін мәресіне жетеді.
БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының деректеріне сәйкес өңірдің электр желілері мен қосалқы станцияларын қайта жаңғырту үшін тағы 12 жобаның жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып, соның үшеуін ҚР Үкіметінің 2024 жылғы 25 желтоқсандағы № 1102 қаулысымен бекітілген «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында нарықтық субсидиялау мүмкіндігімен жүзеге асыру көзделіп отыр.
— Тариф туралы бірер сөз. Биылғы 1 қаңтардан бастап «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС-мен бөлшек электр энергиясы қызметтеріне орташа еңбек тарифі 1 кВт үшін 28,16 теңге болып бекітілген еді. 5 тамыздан бастап орташа еңбек тарифі 15,5 пайызға ұлғайып, 1 кВт үшін 32,52 теңге болды. Бұл облысымыздың электр энергетикасын дамыту бағытында жоспарланған жобалар мен іс-шаралардың жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге септігін тигізеді, — деп қосты Б.Мусин.
«Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС бас директоры Рүстем Майранов электр қуатының бөлшек саудадағы тарифі өнімді Ресейден алатын Бөкей ордасы мен Жәнібек ауданы үшін де, БҚО-ның барлық тұтынушылары үшін де бірдей екендігін жеткізді. Электр қуатының бөлшек саудадағы орташа өткізу бағасы қосымша құн салығынсыз биылғы жыл басында 1 кВт/сағат үшін 25,14 теңге көлемінде бекітілсе, 5 тамыздан бастап 29,04 теңге болды. Ақша бағамындағы айырмашылыққа және «Интер РАО ЕЭС» ЖАҚ тарапынан бағаның өсуіне байланысты «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС зиян шегіп отыр.
Айталық, биылғы жеті айдағы зиян көлемі 277 млн 462,6 мың теңге болды. Бұл жерде БҚО-ға қарағанда, Ресей Федерациясындағы электр қуаты тарифы жоғары екендігін айта кеткен ләзім.
Рүстем Майранов Батыс Қазақстан облысында электр желілері мен қосалқы станцияларды жөндеуге қоса инвестициялық бағдарлама жүзеге асырылып жатқанын қосты. Мұның қаржыландыру көлемі — 1,151 млрд теңге. Жоспарланған жұмыс көлемі — 54 км, қазіргі уақытта 1 357 тіреу бағаны орнатылып жатыр.
— Инвестициялық бағдарлама аясында Орал қаласында кабельдік, электр және әуе желілері қайта жаңғыртылады. Сонымен қатар аудандарда әуе желілерін қайта жаңғырту, аралық және анкерлік тіректерді, трансформаторларды ауыстыру, радиорелелік байланыс станциясын орнату, қосалқы станцияларды қайта құру және басқа жұмыстар атқарылуда, — деді Р. Майранов.
Сала мамандары не айтады?
Энергетика ардагері, Жаңақала ауданының құрметті азаматы Шаһидолла Әбуғали осы салаға 19 жасында келіп, зейнетке шыққанша еңбек еткенін тілге тиек етті.
Оның еске түсіргеніндей, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары ауылдарды электрлендіру қарқынды жүргізілді. Сонымен қатар қосалқы бөлшектер, тіреу бағандары қат болды.
— Ең басты мақсат осы саладағы қауіпсіздік деп білемін. Бұған барынша мән берілуі керек, әйтпесе болмайды. Өйткені электрик бір ғана рет қателеседі деген сөз бар. Өзім осы сала майталманы, Қытайдың Харбин қаласынан университет бітіріп келген Николай Ушаковтан көп нәрсе үйренгенімді ұмытпаймын. Сондықтан білікті кадр тәрбиелеу, оны қатарға қосу мәселесі ешқашан күн тәртібінен түспейді, — дейді ардагер.
Оның екпін түсіруінше, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін халыққа электр қуатының нарықтық бағасын, оның тауар екендігін ұғындыру қиын болды. Өтпелі кезеңдегі тағы бір қиындық — электр желілері тапсырыс берген немесе коммуналдық мекеменің теңгерімінде болды. Сондай-ақ тапсырыс беруші аудандық құрылыс бөлімі тарапынан жобалау-сметалық құжаттаманың сапасыз жасалуы кедергі келтірді.
— Қазіргі таңда осындай шалағайлықтарға жол берілмей, жобалар уақытында атқарылса екен деймін. Энергетика саласының қордаланған мәселелерін шешу қаржыны да, күш-қуатты да қажет етеді. Сол себепті мұның бәрін алдын ала дұрыс жоспарлап, мезгілінде іске асырудың маңызы зор, — деді Ш.Әбуғали.
Жәнібек аудандық электр торабының бастығы Мейіржан Хабидың нақтылауынша, құрылысы көзделіп отырған қуаттылығы 5 МВт күн және газ-поршеньді аралас электр станциясы Бөкей ордасы және Жәнібек ауданы үшін ортақ болмақ. Сол себепті салынатын орын ретінде қос ауданның ортасында орналасқан Өнеге елді мекені таңдалып алынды.
— Станциядан үш бағытқа электр қуаты таратылады. Біріншісі — Жәнібектегі, екіншісі — Жасқайраттағы, үшіншісі Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылындағы қосалқы станция арқылы. Күн сәулесі панельдері күндіз қолданылатыны белгілі, түнде газ-поршеньді станция іске қосылады. Әр ауданға 2,5 мВт-дан электр қуаты беріледі, — деп түсіндірді М.Хаби.
Қазіргі таңда Жәнібек аудандық электр торабы 4 045 жеке және 220 заңды тұлғаны электр қуатымен қамтамасыз етеді.
Жәнібек ауданының бірқатар ауылдарына электр қуаты Палласов арқылы Волгоградтан, Жақсыбай мен Таловқа Новоузен арқылы Саратовтан келеді.
Болашақта Өнегедегі станция іске қосылған кезде электр қуаты Жәнібек ауданына қоса Бөкей ордасының Бисен, Орда, Сайқын, Мұратсай ауылдық округтеріне беріледі.
— Ауа райының қолайсыздығына байланысты, мысалы, Палласов жағынан ажырату болған кезде электр қуатын Бисен ауылындағы қосалқы станция арқылы аламыз. Бөкей ордасы ауданы жағында осындай жағдай болса, оларға бізден жіберіледі, — деді Жәнібек аудандық электр торабының бастығы.
Бөкей ордасы аудандық электр торабының басшысы Самат Оңаев ауданда Ресейден электр қуатын пайдаланып отырған 3 017 абоненттің бар екендігін келтірді.
— Қазіргі таңда Бисен, Хан ордасы, Сайқын және Мұратсай ауылдық округтері электр жарығын Астрахан облысынан Басқұншақ-Сайқын 110 кВ әуе желісі арқылы алады. Өнеге елді мекеніндегі станция пайдалануға берілген уақытта Бөкей ордасы ауданында энергетикалық қауіпсіздік мәселесі толықтай шешіледі, — деді С. Оңаев.
Электр қуатымен қамту жайы өңір жұртшылығын да алаңдататыны анық.
— Энергетика саласын жаңғырту — күн тәртібінен түспейтін басты мәселенің бірі. Осы орайда жасыл энергетика жобаларын жүзеге асыру да маңызды. Бұл, әсіресе, электр қуатын Ресейден алатын Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандары үшін көкейкесті болып отыр. Сондықтан бұл мәселелер үнемі назарда, — деді БҚО әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй.
Осылайша, Батыс Қазақстан облысында энергетика саласында бірқатар жобалардың қолға алынғаны әңгімемізге арқау болды. Ендігі міндет соларды мерзімінде іске қосуға мемлекеттік органдар тарапынан ықпал етіп, бірлесе күш салу болса керек.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда энергетика саласын жаңғырту бағытында не істеліп жатқанын жазған едік.