Батыс Қазақстанда қанша киік ауланды

Фото: Охотзоопром

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында киік санын реттеу жұмыстары биыл 1 шілдеде басталып, 30 қарашаға дейін жалғасты. Осы науқанның нәтижесі жөнінде Kazinform тілшісі БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжановқа бірнеше сауал қойған еді.

— Нұрлан Сағынтайұлы, сонымен қанша киік ауланды? Ақбөкенді ату әдісімен реттеу тиімді ме, әлде коральмен бе?

— Бес ай ішінде бүкіл ауланған киік саны 108 мың 500 басқа жетті. Негізі, кораль әдісімен аулау өнімдірек болды. Түнгі атумен 42 мың бас киік нысанаға іліксе, коральмен 66,5 мыңы құрыққа түсті. Бұл жерде мынаны ескеру керек. 1 қыркүйекке дейін түнгі мезгілде киіктің тек текелері атылды. Ал 1 қыркүйектен бастап кораль әдісі де қолданылып, киіктің аналығы мен лақтары да ауланды. 

2023 жылы ақбөкен санын реттеу жұмысы алғаш қолға алынған кезде 29 мың бас қана киік ауланған еді. Демек, бұдан осы уақыт ішінде біршама тәжірибе жинақталып, нақты қорытынды шығарылғанын аңғаруға болады.

Фото: Нұрлан Рахымжановтың жеке архивінен

— Бұл жұмысқа қанша адам, техника қатыстырылды?

— Киік санын реттеу ісін Охотзоопром» ӨБ» РМҚК ұйымдастырды. Аталмыш мекеме аңшылармен, кораль иелерімен келісім-шарт жасасып, жұмыстарға тартты. Облыс көлемінде барлығы 18 бригада жұмыс істесе, соның 10-ы — аңшылар, 8-і — коральмен аулайтындар. Жалпы саны 200-дей адам 50-ге жуық әр түрлі техникамен жұмылдырылды. 

— Киік еті еліміздің өзге өңірлеріне жеткізілді ме?

— Иә, киік етін Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстары алды. Яғни республиканың батыс аймағы тұрғындары киік етінің дәмін татып үлгерді деп айтуға болады. Өз облысымызға келетін болсақ, ақбөкен ауланған барлық аудан орталықтарында, Орал қаласында Депо базары мен Круглоозерный кентінде, Бәйтерек ауданы Байқоныс ауылында киік еті сатылып жатыр.

Фото: Охотзоопром

Жалпы, киік етін 15 кәсіпорын қабылдады. Атап айтқанда, Батыс Қазақстаннан «Кублей», «Батыс Нық», «Монвекс», «Адал Ет», «Жайық Биф», «Ризық Батыс», «Нұр Ислам», Атырау облысынан «Батыс KZ 25» ЖШС өз үлестерін алды.

Сонымен қатар «Қайыров», «Амангелді», «Исаев», «Жалпақтал», «Жеңіс», «Нарын Жаңақала» жеке кәсіпорындары мен «Ақбота» шаруа қожалығы да атсалысты. 

Осылардың ішінде «Кублей» ЖШС ғана киік етін өңдеуді жоспарлап отыр. Бұл кәсіпорын 27 мың бас киік ұшасын алып, сақтап отыр. Қазіргі уақытта консерві шығару үшін арнайы желі дайындалып жатыр. 

Фото: БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы

— Ендеше, сөзіңіз аузыңызда, болашақта киік еті мен өнімдерін шетелге шығару мәселесі қарастырылады ма?

— Жақында Өзбекстанның Самарқан қаласында Құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерінің халықаралық саудасы туралы конвенция (СИТЕС) тараптарының 20-шы конференциясы өткізілді. Сонда Қазақстан делегациясының киіктің етін, терісін, мүйізін шет елдерге шығару жөнінде ұсынысы қаралып, қолдау тапты.

Бірақ бұл мәселенің заңды түрде күшіне енуі үшін уақыт керек. Әрине, киік етін тұтынып қана қоймай, оның дериваттарын терең өңдеу, мысалы, мүйізінен дәрі-дәрмек шығару ісін жолға қойғанның маңызы зор екендігі түсінікті.

Фото: Охотзоопром

— Қазіргі кезде ақбөкен қай аумақтарда жүр?

— Реттеу жұмыстарына байланысты киіктің көпшілігі «Бөкейорда» резерваты аумағында қоныстанса, бірқатары көршілес Атырау облысына, ал бір бөлігі Ресейге қарай ауды. Сонымен қатар Казталов, Жәнібек, Жаңақала және Бөкей ордасы аудандарында әлі де бар екенін айтып кетуге болады. Ақбөкеннің аса сезімтал жануар екендігі белгілі. Оның дәл қай жерде болатынын алдын ала болжау қиын. 

— Киік санын реттеу жұмыстары 2026 жылы да жалғасады ма?

— Алдағы жылғы жоспар туралы әзірше нақты айтылған жоқ. 2026 жылы киіктерді басқару жөніндегі тиісті тапсырмалар келген соң белгілі болады. 

Фото: Охотзоопром

— Соңғы сауал, аталмыш жұмыс киік санын реттеуге әсер етті деп есептеуге болады ма?

— Әрине, солай. Мұның мәнісі мынада. Атылған, ауланған киіктің көпшілігі текелері болды. Қыстағы күйік кезінде әр теке 30 бас аналықты қашыра алады. Демек, биыл 108 мың бас киік ауланса, бұл алдағы жылы ақбөкеннің 400-500 мың басқа кемуіне септігін тигізеді. 

Фото: Охотзоопром

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда киік санын реттеу жұмысы қалай жүргізіліп жатқанын жазған болатынбыз.

Фото: Охотзоопром
Фото: БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы
Фото: БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы