Батыс Қазақстанда кәсіпкердің сүт бағасын асырып сатқаны белгілі болды

ОРАЛ. KAZINFORM — БҚО сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті кәсіпкерлік нысанының сүтті үстеме бағасынан асырып сатқанын анықтады.

Фото: Kazinform

Департамент басшысы Эльмира Қиматованың мәлім еткеніндей, биылғы қаңтар айынан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі 19-дан 31-ге дейін кеңейтілгені белгілі.

Оның сөзіне қарағанда, бұрын аталған тізбеде жұмсақ қаптамадағы майлылығы 2,5 пайыз пастерленген сүт болған еді. Қазіргі қолданыстағы тізбеге дәмдік қоспалары жоқ (лактозасыздан басқа), майлылығы 2-ден 6 пайызға дейінгі пастерленген, ультрапастерленген, стерильденген сүт енгізілген.

«Сауда қызметін реттеу туралы» ҚР Заңының 9-бабына сәйкес аталмыш тізбедегі азық-түлік тауарын өткізу кезіндегі шекті сауда үстемесінің мөлшері өндірушінің босату немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасынан 15 пайыздан аспауы тиіс. 

- Алайда бұл талапты сауда нысандарының бәрі бірдей сақтай бермейді. Мәселен, компаниялардың бірінің сауда желілеріне, бөлшек саудада өткізушілер (үй маңындағы дүкендер) мен көтерме саудагерлерге майлығы 3,2 және 6 пайыз «Бурненское сүті» тауарын сауда үстемесінен асырып жеткізгені анықталды. Атап айтқанда, майлылығы 3,2 пайыз сүт 23,4-тен 86,8 пайызға дейінгі сауда үстемесімен сатылған. Ал майлылығы 6 пайыз сүт 44,6-дан 95,2 пайызға дейін жеткен, - деді Э.Қиматова. 

Департамент басшысының айтуынша, осыған байланысты аталған кәсіпкерлік нысаны ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-4-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылып, оған айыппұл салынды. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда импорттық жұмыртқаны заңсыз сату деректері анықталғанын жазған едік.