Батыс Қазақстанда қазан айында 13 мыңнан астам адам ЖРВИ-мен ауырған
Батыс Қазақстан облысында қазан айының басынан бері 13 мыңнан астам адам жіті респираторлық вирустық инфекциямен ауырған, деп хабарлайды Kazinform.
БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың айтуынша, бұл өткен жылғы осы кездегіден 64 пайызға көп.
Мұхамғали Қайыржанұлының сөзіне қарағанда, сырқаттанғандардың 65,5 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар. Соның ішінде бір жасқа толмаған 164 сәби вирусты жұқтырған. Сондай-ақ 29 жүкті әйел аталмыш дертке шалдықты.
Департамент басшысының пікірінше, тұмау вирусын жұқтыру, әсіресе, егде жастағы адамдарда, жүкті әйелдер мен балаларда ауыр зардапқа соқтыру мүмкін. Сондықтан мұның алдын алудың қауіпсіз әрі тиімді шарасы – вакцинация. Тұмауға қарсы егу 1 қазаннан амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін барлық медициналық мекемеде басталды. Эпидемиялық маусымға Ресей Федерациясында өндірілген тұмауға қарсы «Гриппол+» вакцинасының 138 мың дозасы сатып алынды.
«Тәуекел тобына ең алдымен медицина қызметкерлері, емдеу мекемелерінде есепте тұрған және жиі ауыратын балалар, балалар мен қарттар үйінің тәрбиеленушілері, созылмалы сырқаты барлар, жүкті әйелдер, мектеп оқушылары, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері мен сонда жұмыс істейтіндер жатады. Күні бүгінге дейін осы топқа жататындардың 53,7 пайызы (74 849 адам) тұмауға қарсы егілді. Тұмаудан сақтану үшін адамдар көп жиналатын жерлерде бетпердені қолданған жөн. Түшкіру немесе жөтел сияқты ауру белгілері бар адамдармен қарым-қатынас жасамау керек. Қолды сабынмен жақсылап жуу респираторлық инфекциялар санын 25 пайызға азайтуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа да сақтық шараларын ұмытпау қажет», - деді М.Арыспаев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда қызылшамен мектеп оқушылары да ауырып жатырғанын жазған болатынбыз.