Батыс Қазақстанда киік еті қалай сатылып жатыр
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында киік етін қабылдау, өңдеу және өткізумен келісілген 7 кәсіпорынның бесеуі айналысып жатыр.
БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллиннің Kazinform тілшісінің сауалына байланысты мәлім еткеніндей, соның ішінде «Каиров» ЖК, «Амангелді» ЖК, «Жалпақтал» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі және «Жеңіс» ЖК киік етін ұшалай сатып жатыр.
Жасұлан Жолдыбайұлының сөзіне қарағанда, аталған кәсіпорындар сұранысқа байланысты киік етін облыс ішінде және одан тыс аумақтарға өткізеді.
— Өткізу бағасы — килограмына 1 300-1 600 теңгеден. Яғни, көтерме сауда бағасы 1 300 теңге, бөлшек саудада 1 500-1 600 теңге аралығында. Бүгінгі таңда киік сою орындарына 7 990 бас, соның ішінде 3 682-сі «Кублей» ЖШС, қалған 4 308-і ет комбинаттарына өткізілді. «Кублей» ЖШС киік еті мен ішкі құрылыстарын терең өңдеп, қалбырлар өндіруді жоспарлап отыр. Кәсіпорын қалбыр өндірісін қуаттылығына сәйкес қажетті шикізат көлемін толық дайындаған соң бастайтын болады, — дейді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, ет комбинаттарына тапсырылған 4 308 бас киіктің 408 ұшасы сұранысқа сәйкес облыс аумағында сатылса, 2 005 ұшасы еліміздің басқа өңірлері — Маңғыстау, Ақтөбе, Түркістан облыстарына жөнелтілген.
Батыс Қазақстан облысында киік санын реттеу жұмыстары жалғасып келеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын киіктен зардап шеккен фермерлерге өтемақы төлене ме деген сауалға жауап іздеп көрдік.
Батыс Қазақстанда киік санын реттеу жұмысы қалай жүргізіліп жатқаны да хабарланды.