Батыс Қазақстанда киік аулаумен 20 бригада айналысып жатыр

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында киік аулау жұмыстарымен 20 бригада айналысып жатыр.

БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжановтың мәлім еткеніндей, биыл Үкіметтің қаулысы мен комитеттің бұйрығына сәйкес киік санын реттеу ісі 10 қаңтардан басталып, 29 ақпанға дейін жүргізіледі.

Нұрлан Сағынтайұлының сөзіне қарағанда, қыста коралл әдісі қолданылмайды.

Өйткені жер қатып қалған, қазылмайды, киікті мотоциклмен айдап, қамау мүмкін емес. Сондықтан тек ату әдісімен реттеледі.

«Облыс бойынша барлығы 20 бригада жұмыстанып жатыр. Дегенмен бұл оның бәрі бір мезгілде шығады деген сөз емес. Кейбірінің көліктері болмайды немесе оқ-дәрі таусылып қалады. Күні бүгінге дейін 2874 киік атылды. Өткен жылдан бастап 226 мың бас киік аулануы керек еді. Алайда 2023 жылы — 20 мың бас, биыл 2800-дей бас киік ауланып, біз әлі 10 пайызына жеткен жоқпыз», — деді Н.Рахымжанов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 4800-ден астам киік ауланып, атылғанын жазған болатынбыз.