Батыс Қазақстанда қызылша дертіне шалдыққандар саны 155-ке жетті

Фото: Фото: Pexels

Батыс Қазақстан облысында қызылша дертіне шалдыққандар саны 155-ке жетті, деп хабарлайды Kazinform.

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соның 103-і немесе 66,4 пайызы – 14 жасқа дейінгілер, 13-і (8,3 пайызы) – жасөспірімдер, 39-ы (25,1 пайызы) – ересек адамдар.

Оның сөзіне қарағанда, қызылша, әсіресе, Орал қаласында (96), сондай-ақ Бөрлі ауданында (21), Сырымда (15) көбірек кездесіп отыр. Қалған аудандарда сирек ұшырасады. Ал Бөкей ордасы, Жаңақала, Жәнібек аудандарында тіркелген жоқ.

Департамент басшысының айтуынша, ұжымдарда 48 дерек тіркелсе, соның 26-сы мектептерде, 22-сі балабақшаларда орын алды. Сондай-ақ 10 студент қызылша жұқтырды.

«Ауырғандармен қарым-қатынаста болған 1 914 адамға медициналық бақылау жүргізілуде, эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша екпе салынуда. Науқастар – 1 жасқа дейінгі сәбилер, екпеден бас тартқандар, медициналық қарама-қарсы көрсеткіштер себебінен екпе алмағандар және егу туралы мәліметі белгісіз ересектер. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта қызылша дертіне шалдыққандармен байланыста болған балалардың ата-аналары арасында да, сондай-ақ 30 жасқа дейінгілер арасында да эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша екпеден бас тартып жатқандар бар. Қызылша деректерінің 58,7 пайыздан астамы 5 жасқа дейінгілердің үлесіне тиеді. Күні бүгін 6 қарашадан бері қосымша екпе алуға тиісті 3 669 баланың 1 122-сі немесе 31 пайызы егілді. Вакцинация жалғасатын болады», деді М.Арыспаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда қызылшамен ауырғандар саны 100-ден асқанын жазған болатынбыз.