БҚО-да қызылша жұқтырғандардың 94 пайызы - екпе алмағандар
Батыс Қазақстан облысында қызылшамен ауырғандар саны көбейіп отыр. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтің төрағалық етуімен өткен өңірлік штаб отырысында айтылды, деп хабарлайды Kazinform.
БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың мәлім еткеніндей, облыста 20 қарашадағы мәлімет бойынша қызылшамен ауырған 216 науқас тіркелді.
Оның сөзіне қарағанда, бұл 100 мың тұрғынға шаққанда, 31,2-ден келеді. Ауырғандардың басым бөлігі немесе 68 пайызы – балалар, 8,3 пайызы – жасөспірімдер, 23,6 пайызы – ересектер.
Жиында штаб төрағасы өңірде қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды ширатуды тапсырды.
Аталмыш департамент мәліметі бойынша дерт облыстың барлық ауданында анықталып отыр. Бірақ ең көбі (136) Орал қаласында және Бөрлі (31), Сырым (19) аудандарында тіркелді.
Науқастардың 94 пайызы – түрлі себептермен екпе алмағандар, соның ішінде 34,9 пайызы – екпеден бас тартқандар, 18,3 пайызы – медициналық көрсетілім бойынша кейінге шегерілгендер, 13,4 пайызы – екпе алу жасына жетпегендер.
«Қызылшаны емдеудің арнайы және тиімді емі жоқ. Қызылшадан қорғанудың жалғыз тиімді жолы – вакцинация. Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес 1 жасқа дейінгі 9 255 сәби, 6 жастағы 9 744 бала жоспарлы вакцинациядан өтті. Вакцинация үшін қызылшаға қарсы тиімді әрі қауіпсіз, қызамыққа және паротитке қарсы компоненттері бар вакцина (ҚҚП) қолданылады. Еліміздегі сияқты, Батыс Қазақстан облысында да 7 қарашадан қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау басталды. Вакцинацияны 6 айдан бастап 11 айға дейінгі балалар, 2, 3, 4 жастағы балалар алады. Сондай-ақ вакцинация мәртебесі белгісіз адамдар үшін де жүргізіледі. Күні бүгінге дейін 1 731 бала қызылшаға қарсы екпе алды. Вакцинация одан әрі жалғасуда», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда қызылша дертіне шалдыққандар саны 155-ке жеткенін жазған болатынбыз.