Батыс Қазақстанда көкжөтелге шалдыққан балалар саны 60-қа жуықтады

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында биылғы сегіз айда 57 баланың көкжөтелмен ауырғаны тіркелді.

Фото: gemotest.ru

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Мира Қауымбаеваның Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, өткен жылдың осы кезеңімен (9) салыстырғанда, аурушаңдықтың едәуір өскені байқалады.

Соның ішінде 30-ы 1 жасқа жетпеген сәбилер болса, 27-сі – 1-ден 14 жасқа дейінгі балалар.

Мира Нұрланқызының сөзіне қарағанда, сырқаттанғандардың басым бөлігі немесе 42-сі Орал қаласы, төртеуі Бөрлі, үшеуі Бәйтерек, екі-екіден Ақжайық, Казталов, Шыңғырлау, бір-бірден Жаңақала мен Теректі ауданының үлесіне тиеді.

- Көкжөтел – тыныс алу жолдарын зақымдайтын, әсіресе, балалар арасында кездесетін жұқпалы ауру. Оның негізгі белгісі – ұзақ уақытқа созылатын, ұстамалы жөтел. Кішкентай балаларда ауру асқынып, тыныс алудың қиындауына әкелуі мүмкін. Көкжөтелдің алдын алудың ең тиімді жолы вакцинация екендігін еске саламыз. Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес балаларды жоспарлы иммундаудан уақытылы өткізу маңызды, - деді М.Қауымбаева.

Оның айтуынша, ата-аналар баланың денсаулығына мұқият қарағаны жөн. Жөтел ұзаққа созылған жағдайда өздігінен ем қолданбай, медициналық көмекке жүгіну қажет.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда көкжөтелмен ауырған 18 баланың дені екпе алмағанын жазған едік.