Батыс Қазақстанда көкжөтелмен ауырған 18 баланың дені екпе алмаған

Фото: Pexels

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 18 баланың көкжөтелмен ауырғаны зертханалық тұрғыда расталды.

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Назгүл Әжімұратованың мәлім еткеніндей, көкжөтел ересектер арасында тіркелген жоқ. Аурудың барлығы ұйымдастырылмаған балаларға қатысты болып отыр.

— Сырқаттанған 18 баланың 16-сы екпе алмаған. Соның ішінде төртеуінің ата-анасы бас тартқан. Екеуі медициналық қарсы көрсетілім себебінен қамтылмаған. 10 баланың вакцина алуға жасы жетпеген. Көкжөтелдің көпшілігі Орал қаласында, сондай-ақ Бәйтерек, Казталов, Бөрлі және Сырым ауданында кездесіп отыр, — деді Н.Әжімұратова.

Оның айтуынша, көкжөтел — көбінесе балаларда байқалатын, ауа-тамшы жолымен жұғатын, жөтел түрінде білінетін жедел инфекциялық ауру. Адам ауырған кезде тыныс алу қызметі бұзылып, шырышты қабықтары зақымданады.

Көкжөтелдің белгілері жоғары тыныс жолдарының бактериялық инфекциясына ұқсас, дене қызуы +38°С-қа дейін көтеріліп, адам қалтырайды. Әлсізденіп, бұлшық еттері сырқырап, басы ауырады. Мұрны бітеліп, құрғақ жөтел пайда болып, шырышты қабығы ісінеді.

— Жөтел ұстамасы кезінде науқас қиналып, беті қызарып, құсып, қатты қысылады және тынысы тоқтап қалуы мүмкін. Көкжөтел қатты асқынған жағдайда пневмонияға ұласуы ықтимал. Көкжөтелдің алдын алудың жалғыз әрі тиімді жолы балаларды ектіру екенін ата-аналар ұмытпауы керек, — деді маман.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 26 адамның бруцеллез жұқтырғанын жазған едік.