Батыс Қазақстанда көмілген сібір жарасы ошағынан қауіп бар ма

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында барлығы 222 сібір жарасы ошағы тіркелген. Қазіргі таңда бұл көмілген орыннан қауіп бар ма? Осыған орай Kazinform тілшісі БҚО ветеринария басқармасына арнайы сауал жолдаған еді.

Фото: Kazinform

БҚО ветеринария басқармасынан алынған мәліметке қарағанда, соның ішінде Орал қаласында 3 сібір жарасы көмілген ошақ болса, оның екеуі — Желаев, біреуі Деркөл кенті аумағында орналасқан. 

Бұл орындар мемлекеттік жер кадастры жүйесіне және топографиялық картаға енгізілген. 202 сібір жарасының орыны толық цемент-бетонды материалмен, 20-сы профильді қаңылтырмен қоршалған. Көмілген жердің бәріне «Сібір жарасы» тақтайшалары орнатылған.

— 2024 жылы қараша айында Казталов ауданы Қошанкөл ауылдық округінің Ордабай ауылында 1 бас ірі қара малынан сібір жарасы ауруы тіркелді. Биыл сібір жарасының ошақтары анықталған жоқ, эпизоотиялық жағдай тұрақты, — делінген ресми жауапта. 

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің нақтылауынша, өткен жылы Ордабай ауылында ер адам ірі қара малды сою кезінде ауру жұқтырған. Науқас қаладағы ауруханада ем алып, үйіне қайтарылды.

— Эпидемиологиялық тергеу барысында науқастың ірі қара малды союға қатысқаны анықталды. Ветеринариялық қызметкерлермен бірлесіп санитариялық-эпидемиологиялық іс-шаралар толық көлемде жүргізілді, — дейді департамент мамандары.

Биыл бұл індет өңірде тіркелген жоқ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да ауыл тұрғынынан сібір жарасы анықталғанын жазған едік.