Батыс Қазақстанда мал қорымдарының көпшілігі талапқа сай келмейді

Фото: Фото: pavon.kz

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысының елді мекендерінде 260 мал қорымы тіркелген, соның 65-і – үлгі жобадағы (биометриялық), 195-і – қарапайым шұңқырлар.

БҚО ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Нұрқайыр Құсайыновтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, қазіргі уақытта мал қорымдарының көпшілігі тозған, талапқа сай келмейді.

Нұрқайыр Ғайноллаұлының сөзіне қарағанда, биыл Бөкей ордасы ауданында Бисен, Ұялы ауылдық округтерінде 68 млн теңгеге, Бәйтеректе Дариян және Железнов ауылдарында 42 млн теңгеге үлгі жобадағы 4 жаңа мал қорымы салынды.

«Оған қоса Шыңғырлау ауданында 38 млн теңгеге тағы бір мал қорымының құрылысы аяқталып келеді. Сонымен қатар жануарлардың өлекселерін жағу арқылы жоюға арналған 6 газ инсинераторын сатып алуға облыстық бюджеттен 88,8 млн теңге бөлінді. Күні бүгін мемлекеттік сатып алу шаралары өткізілуде», - деді Н.Құсайынов.

Оның айтуынша, облыс аумағында 222 сібір жарасы көміндісі бар. Бұл көмінділердің жағдайына, қоршауларының болуына тұрақты бақылау жасалып отырылады.

«Биыл 85 сібір жарасы көміндісін қалпына келтіруге жергілікті бюджеттен 21,6 млн теңге қарастырылып, Қаратөбе ауданында – 2, Бәйтеректе – 11, Казталовта – 14, Сырымда – 29, Теректіде 29 көміндіде жұмыстар аяқталды», - деді басқарма басшысының орынбасары.

Басқарма мәліметі бойынша облыста ауыл шаруашылығы жануарларының аса қауіпті жұқпалы аурулары бойынша эпизоотиялық жағдай тұрақты. Жыл басынан бері жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларының 4 ошағы тіркелген. Атап айтқанда, Теректі ауданы Теректі ауылдық округінде ірі қара бруцеллезі, Казталов ауданы Тереңкөл ауылдық округі Нұрсай ауылында иттің құтыруы, осы ауданға қарасты Қараоба мен Тасқала ауданы Шежін ауылдық округінде қарасан ауруына байланысты тиісті шектеулер қойылып, ветеринариялық сауықтыру іс-шаралары жүргізілді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда мал өлекселерін жою жұмыстары жүргізіліп жатқанын жазған болатынбыз.