ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданында адам өліміне соқтырған жол-көлік оқиғасы тіркелді.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 13 қазан күні шамамен сағат 18.40-та Чапаев-Жаңақала-Сайқын жолының 142-шақырымында болды.
Алдын ала мәлімет бойынша жүргізуші SONLINK мотоциклін мотодулығасыз айдаған. Содан Мәстексай ауылына бара жатқан жолда рөлге ие бола алмай, мотоцикл аударылған.
— Ер адам алған жарақаттары салдарынан медициналық мекемеде көз жұмды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Басқа ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодесінің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда көпқабатты үйдің төбесінен құлаған екі жасөспірімнің мерт болғанын жазған едік.
Сондай-ақ Оралда ер адамды пышақтап өлтірген күдікті ұсталды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).