БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ділдәш Исқақованың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, Қазақстанда 2025 жылға дейін мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар жүзеге асырылуда.
Оның сөзіне қарағанда, Әлеуметтік кодекс шеңберінде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғаудың көп деңгейлі жүйесі енгізілген, оның ішінде: мемлекеттік көмек және жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түріндегі қолдау, әлеуметтік оңалту аясында ағзаның жоғалған функцияларын өтеу, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, жұмысқа орналастыру.
«Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қамтамасыз етудің үш деңгейлі жүйесі қалыптасты. Бірінші деңгей (базалық) – мемлекеттік бюджеттен мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы. Оның мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты болады. Қазіргі уақытта облыс бойынша 17 641 адам мемлекеттік жәрдемақы алып отыр. Сондай-ақ мүгедектігі бар 3 158 баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарының біреуіне немесе заңды өкіліне және 2 420 бірінші топ мүгедегіне күтім жасап отырғандарға мемлекеттік арнайы жәрдемақы төленуде», - дейді Д.Исқақова.
Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, екінші деңгей – мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер 2024 жылы 7 пайызға артқан.
Үшінші деңгей: егер еңбек ету қабілетінен айырылу еңбек мертігуімен немесе кәсіптік аурумен байланысты болса және зардап шеккен жұмыскердің пайдасына жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарты жасалған жағдайда сақтандыру ұйымынан сақтандыру төлемдері төленеді.
Сонымен қатар жергілікті бюджет қаражаты есебінен мүгедектігі бар адамдарға әр түрлі әлеуметтік көмектер қарастырылған. Осы орайда аудандық және қалалық мәслихаттар шешімдерімен бекітілген ережелерге сәйкес жергілікті бюджет қаражаты есебінен биылғы 1 тамызға дейін 9 331 адамға 367,4 млн теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді.
«Қазіргі уақытта облыс бойынша 11 орталық, жартылай стационарлық үлгідегі 1 орталық, 2 күндізгі болу бөлімшесі, үйден әлеуметтік қызмет көрсететін 31 бөлімше, белгілі тұрағы жоқ тұлғаларға арналған 1 мекеме, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған 1 мекеме, үкіметтік емес 5 ұйым мүгедектігі бар адамдар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Барлығы 5 419 адам арнаулы әлеуметтік қызметпен қамтылды. 2025 жылдан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтерді жан басына қаржыландыруды енгізу жоспарлануда, бұл жеке бизнесті тартуға ықпал ететін болады. Бұл шара арнаулы қызмет көрсететін ұйымдардың желісін кеңейтуге және оларды шалғайдағы елді мекендерге жеткізуге мүмкіндік береді», - дейді Ділдәш Салауатқызы.
Оның мәлімдеуінше, бірнеше жылдан бері мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушілер мен жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік беретін әлеуметтік қызметтер порталы жұмыс істеп келеді. Портал оңалтудың жеке бағдарламаларын орындау көрсеткішін 93 пайызға дейін арттыруға, сондай-ақ тауарлар мен қызметтерді ұсыну процестерінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Есту және көру қабілеті нашар адамдар үшін порталдың қолжетімді мобильді нұсқасы енгізілді.
«Биылғы 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша мүгедектігі бар 10 715 адам техникалық көмекші құралдар және әлеуметтік қызметтермен қамтылып отыр. Соның ішінде медициналық оңалту бағытында 984 адам санаторий-курортта емделді. Әлеуметтіқ оңалту бағытында 235 адам сурдологиялық көмекпен, 1 587 адам тифлотехникалық құралдармен, 461 адам кресло-арбамен, 5 050 адам міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар бірінші топтағы мүгедектігі бар 778 адамға жеке көмекшілердің, 265 адамға ымдау тілі маманының қызметтері ұсынылады», - дейді Д.Исқақова.
Облыста мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту бағытында да тиісті шаралар алынуда.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда тасқыннан жапа шеккен 863 отбасының әлеуметтік көмек алғанын жазған болатынбыз.