Батыс Қазақстанда Мұратсай су қоймасынан киік өлекселері табылды

Фото: Фото: Видеодан алынған скрин

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданы Мұратсай су қоймасында киік өлекселерінің шығып жатқаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба тарады.

Бейнежазбада ер адам аталмыш су қоймасында ақбөкен өлекселерінің табылғаны туралы баяндайды.

- Киіктердің су қоймасы арқылы өтіп жатқанына бірінші күн. Бұл – бір сағаттай уақыт ішінде суға батып кеткендері. Бәрі де – текелері. Арғы бетте де шашылып жатыр, - дейді тұрғын.

Осыған байланысты БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжанов жауап берді.

Оның айтуынша, оқиға Мұратсай су қоймасында болды. Мәлімет 4 сәуір күні кешкісін сағат 19.00 шамасында түскен.

- Оқиға орнына «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторлары, «Бөкейорда» резерваты, біздің аумақтық инспекция, жергілікті атқарушы орган, аудандық ТЖ бөлімі қызметкерлері барды.

Барлығы 30 киік батып кетсе, соның 25-і – текелері. Ертеңіне өлекселер судан шығарылып, алгоритмге сәйкес шұңқырларда жойылды. Тиісті актілер жасалды. Мұратсай қоймасына өткен жылдан бері су көп келуде. Бұл киіктердің өту жолы болып есептеледі, сонда әлсіздері суға кетеді. Жағдай бақылауда, - деді Н.Рахымжанов.

Оның айтуынша, биыл жыл басынан бері оңтүстік аудандарда даладан барлығы 290 киік өлексесі табылып, жойылған. 

Мұратсай су қоймасында өткен жылы да осындай оқиға болып, киіктер жаппай қырылған еді. 
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда киік өлекселері неге көбейгенін жазған болатынбыз.