Батыс Қазақстанда өндірістік кооперативтер қалай жұмыс істеп жатыр
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің тыныс-тіршілігі қалай, оларға мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілуде? Кazinform тілшісі жауапты адамдарға жолығып, мәселені зерделеп көрді.
Жері жоқ кооперативтің қадамы қысқа
БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашевтің мәлім еткеніндей, өңірде 406 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі тіркелсе, соның 291-і нақты жұмыс істеп тұр.
Рүстем Мүлкәйұлының сөзіне қарағанда, кооперативтердің дені, яғни 208-і етті, 40-ы сүтті мал шаруашылығын қолға алған. Сондай-ақ 14-і өсімдік, үшеуі бау-бақша, біреуі ара, тағы біреуі құс, екеуі балық, 20-сы аралас шаруашылықты дамытса, екеуі сервистік қызмет көрсетуде.
— Кооперативтерде 5 002 мүше болса, соның үшеуі — заңды тұлғалар, 157-сі — шаруа-фермер қожалығы мен жеке кәсіпкерлер, 4 842-сі — үй шаруашылықтары. Бұларда 101 703 бас мал өсірілсе, соның 44 079-ы — ірі қара, 56 816-сы — ұсақ мал, 808-і — жылқы, — дейді Рүстем Зұлқашев.
Елімізде 2023 жылдан бері «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге асырылып келе жатқаны мәлім.
Мұндағы мақсат — ауыл халқының табысын арттыру үшін жеңілдетілген несие беру арқылы оларды кәсіпкерлікке тарту, кооперацияға біріктіріп, тұрғындардың әлеуеттік жағдайын жақсарту.
2023 жылы 49, өткен жылы 16 ауыл шаруашылығы кооперативі «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында несиеге қол жеткізді.
— Бұл ретте кооперативтердің көрсететін қызметтерін әртараптандыруға мән беріледі. Яғни ауылдық округтерде мал азығын дайындау, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, сату, егін өсіру, жинау, абаттандыру, көң-қоқыс шығару, жол тазалау, су тасу және басқа қызметті көрсету үшін кооперативтер қажетті техника және құрылғылармен толық қамтылуы қажет. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жергілікті жерде маңызды азық-түлік тауарларымен қажеттілікті қамтамасыз етуге мүмкіндік туып отыр, — дейді басқарма басшысының орынбасары.
Дегенмен ол заңдағы өзгерістерге байланысты субсидия ала алмай қалған кооперативтер де бар екенін жасырмады.
Мысалы, Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 15 наурыздағы бұйрығымен бекітілген субсидия қағидаларына сәйкес сатып алынған отандық сүтті және сүтті-етті бағыттағы асыл тұқымды аналық мал басына 200 мың теңге субсидия қарастырылған.
Бірақ министрдің 2023 жылғы 18 қыркүйектегі бұйрығына сәйкес отандық сүтті және сүтті-етті бағыттағы асыл тұқымды аналық мал басын сатып алған тауар өндірушілердің өз жайылымы болуға міндетті. Бұйрық өткен жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді.
— Соған байланысты жері жоқ кооперативтерге субсидия берілмей қалды. Мұны шешудің бір жолы — өңірде сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамыту үшін кооперативтерге жер бөлу кезінде басымдық берілуі керек. Бұл үшін Жер кодексіне өзгеріс енгізу жөнінде министрлікке ұсыныс жолданды, — деді Р.Зұлқашев.
«Ауыл аманаты» ауылды дамыта ала ма?
БҚО әкімінің кеңесшісі Алдияр Халелов кооперативтерге жерді конкурссыз беру қажет деп есептейді. Бұл туралы ұсыныс жасалғанымен, әлі қаралу үстінде.
— Кезінде ауыл тұрғындарының пайы, жері болды, бірақ содан айырылып қалды. Ал жері бар шаруалар тек өздерін қамтып отыр. Егер сол фермерлер жерімен кооперативтерге кірсе, онда субсидияға қол жеткізуге болады. Облыста Бәйтерек ауданында Макаров, Көшім, Қаратөбеде Қоскөл сияқты барлығы алты ауылдық округте кооперативтер нәтижелі жұмыс жасап жатыр. Белсенділер қатарына Теректі ауданын да қосуға болады. Алайда аудандарда жағдай әртүрлі, — дейді Алдияр Сансызбайұлы.
Оның пайымдауынша, кооператив ісінің жүру-жүрмеуі ауыл әкімдеріне байланысты. Ауыл әкімдері жұмыстанса, кооперативтер дамиды.
Өкінішке қарай, қимылсыз отырғандар да жетерлік. Әр ауданда, мысалы, бау-бақша өнімдері өндірілсе, олар өздерін қамтитын еді. Жергілікті жерде өсіруге болатын өнімді даладан тасымас еді.
Екіншіден, бағдарламаны жүзеге асыратын жүйе керек. Атап айтқанда, кооператив өндірген өнімдер далада қалмауы, яғни оларды өткізетін орындар болуы тиіс.
— Осы орайда кезінде өзіміз жұмыс сапарымен болған Татарстанның Ақтаныш ауданын мысалға келтіруге болады. Оларда бұрынғы аудандық және ауылдық тұтыну қоғамдары сақталып қалған. Міне, осы тұтыну қоғамдары мал, құс өсіретін тұрғындармен шартқа отырады. Керекті жем-шөбін жеткізіп береді. Кейін өндірілген өнімді тиімді бағамен сатып алады. Айталық, сүт аудандағы зауытқа тапсырылып, сонда өңделеді. Кейін өнімдер үлкен қалаларға жөнелтіледі. Мал ауылға кірмейді, бақташысы бар, бір жерде бағылады. Ауылдарда тіпті қоқыс полигондары жоқ. Белгілі бір уақытта тұрмыстық қалдықтар тұрғындардан жиналып алынып, әйнек, пластика, қағаз бөлек сұрыпталып, өңделеді. Мұндай тәжірибені Қазақстанда енгізуге болар еді, — дейді маман.
Оның айтуынша, 2024 жылы облыс әкімінің қолдауымен жергілікті бюджеттен 320 млн теңге өңірде құрылған алты кооперативке бөлінді.
Сонымен қатар Үкімет өткен жылы қарашада «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша қаралатын қаржының 20 пайызын кооперацияға беруге рұқсат етті.
Аталмыш бағдарламаға сәйкес 2023 жылы облысқа 6,4 млрд теңге, өткен жылы су тасқыны болғандықтан тек 1,5 млрд теңге берілді.
Биыл 5,5 млрд теңге қарастырылып, әуелі сәуірде беріледі дегенмен, кейінге ысырылып отыр. Егер қаражат уақытылы қолға тимесе, ауыл тұрғындарына оны игеру қиынға соғады.
Ең бастысы, Президент бастамасымен қолға алынған бағдарламаның жүйелі жүзеге асырылғаны аса маңызды. Бұл осыдан үміттеніп отырған ауыл халқының сенімін үстей түсуге, олардың қалаға көшпей, тұрғылықты жерінде орнығып қалуына септеседі.
Соңғы жылдары киік проблемасы қосылып, ауылдық жерлерде кооператив құру арқылы қол, техника күшін біріктіріп, жем-шөп мәселесін шешу қажеттігі туындап отыр.
— Қазіргі уақытта сүтті бағыттағы малды өсіруге, көкөніс, жеміс-жидек өнімдерін көбейтуге бағыт ұсталып отыр. Өткен жылы облыс әкімдігі мен «ҚПО б. в.» компаниясы арасында меморандум жасалып, жергілікті кооперациялардың өнімдері жеткізіле бастады. Осы кезге дейін аталмыш компания етке дейін Еуропа елдерінен тасымалдап, тұтынып келді. Екіншіден, «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан кооперативтерді барынша қолдау қажет. Үшіншіден, ауылдарда шағын бизнес орындары көбейгені жөн. Шаруа қожалықтары көңді алыстан арбаламай, тұрғындардан сатып алса, екі жаққа да тиімді емес пе?! Сондай-ақ жерлерін қоршап, өнімділігі жоғары судан, жоңышқа ексе, өз жағдайларын түзей түсер еді, — дейді А.Халелов.
Бәйтерек ауданы әкімінің орынбасары Лауаз Уәлиевтің нақтылауынша, Макаров, Дариян, Көшім және Зеленый ауыл округтерінде тұрғындар кооперативтерге біріккен.
Соның нәтижесінде «Батыс сүт» кооперативі «Ақжайық» ӘКК арқылы 120 млн теңге айналымдық қаражат алып, қазіргі уақытта мүшелер саны 380-ге дейін жеткен. Бағдарлама аясында сүт тасымалдау машинасын сатып алып, сүт өндірумен айналысып келеді.
Сол секілді «Зеленов сүт» АШӨК (71 тұрғын) малды қолдан ұрықтандыру жұмысын қоса жүргізсе, Көшім ауылында «Колесово» АШӨК (136 адам) ірі қара мал, құс өсіру, жер жыртумен қатар ауылішілік жолдарды күтіп ұстап, шөп шауып, оны тұрғындарға жеткізіп береді.
Осы мақсатта «Ақжайық» ӘКК арқылы 60 млн теңге лизингке беріліп, 300 млн теңгеге 3 шетелдік трактор сатып алынды. 28 бас асыл тұқымды мал да әкелінді.
— Макаров ауылында «Аманат 22» кооперативі құрамына 96 адам кіріп, сүт өндіру, бақша егіп, құс өсіруді бірігіп жүргізіп келеді. 2023 жылы 6 млн 450 мың теңге субсидияға қол жеткізсе, 26 млн 410 мың теңгеге тракторға қоса ауыл шаруашылығына қажетті құрал-жабдықтарды сатып алды. Соның нәтижесінде қоқыс шығару, көше тазалау сияқты жұмыстар арзан бағаға атқарылуда. Оған қоса 52 млн теңгеге 10 мың басқа арналған құс фермасы өз жұмысын бастады. Әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тауардың тек үшеуі ғана ауданда өндірілмейді екен. Сондай-ақ басқа да қажетті азық-түлікпен қамту бағытында кейбір мәселелерді «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы шешуді мақсат етіп отырмыз, — деді Лауаз Уәлиев.
Ақжайық ауданы Бударин ауылдық округі Коловертное ауылында тұратын «Ауыл Шаңырақ» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Тілек Шаяхметов «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алудың тиімді екендігін жеткізді.
— «Ауыл аманаты» бағдарламасымен несие 2,5 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Бұл — үлкен жеңілдік. Сонымен қатар лизингке техника алу 50 пайызға субсидияланады. Біздер 2023 жылы 26 млн теңге несиеге қол жеткіздік. Сол секілді биыл 31 млн теңгеге екі трактор, басқа да ауыл шаруашылығы құрал-жабдықтарын алдық. Жалпы, жинайтын құжаты көп демесең, мұндай жолмен несие алу ауыл тұрғындары үшін тиімді болып отыр, — деді Т.Шаяхметов.
Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің басы-қасында жүрген адамдардың сөзінен табыс-жетістіктермен қатар бірқатар проблема бар екендігі байқалды. Алдағы міндет осыны шешу болса керек.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға 10,9 млрд теңге жұмсалатынын жазған едік.