ОРАЛ. KAZINFORM - Батыс Қазақстан облысында 10-нан астам ауыл жарықсыз қалды.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 7 ақпан күні сағат 02.30-да Теректі ауданы әкімдігінен 12 елді мекенде апаттық жағдайда электр желісінен ажыратылғаны жөнінде хабар түскен.
«Теректі ауданында барлығы 1 160 абонент жарықсыз қалды. Қазіргі кезде «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» ЖШС күшімен (14 адам, 9 техника) қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде», - деп хабарлады ведомстводан.
Өңірде боран мен күшті желге байланысты электр желісі үзіліп, жол қатынасы қиындағаны жөнінде басқа да аудандар тұрғындарынан хабарлар түсіп жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысындағы сегіз жолда көлік қозғалысы шектелгенін жазған болатынбыз.
Бүгін таңғы сағат 07.00-дегі мәлімет бойынша облыста жабылған жолдар саны 16-ға жетті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).