Қызылордада Құрылтай сайлауында 45 сурдоаудармашы қызмет көрсетеді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында мүгедектігі бар азаматтардың 23 тамыз күні өтетін Құрылтай сайлауына қатысуы үшін қолайлы жағдай жасалған.

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Бүгінде өңірде осы санаттағы 21431 адам сайлауға қатысуға құқылы.

- Біз жергілікті әкімдікпен бірлесіп сайлаушылардың дауыс беруін кедергісіз ұйымдастыруды көздейміз. Әрбір учаскенің мүгедектігі бар сайлаушы үшін қолайлы әрі қауіпсіз болуына баса мән береміз. Себебі әрбір дауыс маңызды және азаматтардың еркін таңдау жасау құқығын қамтамасыз етуге міндеттіміз. Өңірде көру қабілеті бұзылған 5 928, есту қабілеті бұзылған 1 339, кресло-арбамен қозғалатын 2 376 сайлаушы бар. Республикалық қолжетімділіктің интерактивті картасына 386 сайлау учаскесінің 359-ы туралы мәлімет енген. Қалғаны - азаматтардың уақытша болу учаскелері, яғни жабық учаскелер, - деді Қызылорда облысының аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Бақытжан Ідірісов. 

Дауыс беру күні мүгедектігі бар сайлаушыларды сайлау учаскелеріне жеткізу үшін 67 инватакси тартылмақ. Оның 11-і кресло-арбамен қозғалатын адамдарды тасымалдауға бейімделген. Осы күні 45 сурдоаудармашы ымдау тілі қызметін онлайн түрде көрсетеді.

4 тамыздан бастап аумақтық сайлау комиссиялары үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен бірге сайлау учаскелерінің мүгедектігі бар сайлаушылар үшін қолжетімділігін бағалау мақсатында мониторинг жүргізеді.

Еске салайық, ҚР Орталық сайлау комиссиясы әзірлеген бірыңғай үлгідегі ақпараттық баннерлер Қызылорда қаласы мен аудандардағы орталық көшелерге, халық көп шоғырланатын орындарға орналастырыла бастады.