Батыс Қазақстанда ормандағы өртті сөндіруге тікұшақ тартылды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Байқоныс ауылы тұсында орман отқа оранды.

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 26 шілде күні Январцев орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесі аумағында болды. 

Оқиға орнына ТЖД күш-құралдары дереу жіберілді. «Тілсіз жауды» ауыздықтау қатты түтін мен күшті желге байланысты күрделенді. 

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құтқарушылар орман шаруашылығы мекемесі қызметкерлерімен бірге Жайық өзені жағалауынан 7 жеңіл автокөлікті қауіпсіз жерге шығарды. Онда 24 демалушы болды, соның ішінде жетеуі – балалар. 

- Барлық қызметтердің бірлескен іс-қимылы нәтижесінде шамамен 16,9 гектардағы өрт толықтай сөндірілді. Оған ТЖД және орман шаруашылығы күштері, ҚР ТЖМ 20982-әскери бөлімі 2-құтқару батальоны, ерікті өртке қарсы құрылымдар, сондай-ақ «Қазорманқорғау» тікұшағы тартылды. Ыстық ауа райы және құрғақшылыққа байланысты ТЖ департаменті тұрғындар мен қонақтарға өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау керектігін еске салады, - деп хабарлады ведомстводан. 

Фото: Тұрғындардан

Тұрғындардың айтуынша, бүгін Зачаган кентінде қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны жақта қалың түтін қаладан көрініп тұр.

Күннің ыстығы мен күшті желге байланысты Орал қаласының кейбір аудандарында электр жарығы да әлсін-әлсін өшіп тұр. 

Орал қаласы әкімдігінің мәліметіне қарағанда, бүгін 800-дей абонент электр жарығынсыз қалды. Апатты қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда сегіз жағажай қауіпсіздік талаптарына сай келмей тұрғанын жазған едік.